Ләззат «Күміс жас» жобасымен жылыжайда жұмыс істеуде

Биыл Бәйдібек ауданы бойынша «Күміс жас» жобасымен 80 азаматтың жұмысын ұйымдастыру жоспарланып, толығымен 80 азамат тұрақты жұмысқа жолданған. «Жылдық жоспар 100 пайызға орындалды» дейді сала мамандары. Осы орайда жасы елуден асқан адамдардың тиімді жұмыспен қамтылуына айрықша назар аударылып отыр.

Бүгінде аға буын өздерінің қолынан келетін жұмыспен қамтылып, зейнет демалысына шыққанда толымды зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болуда. Солардың бірі – Искакова Ләззат. Ол Бәйдібек аудандық Мансап орталығына жұмыссыз азамат ретінде жүгініп, жоба аясында ЖК «Бекет» жылыжайына жұмысқа жолданды.

Қазіргі таңда Ләззат ханым жұмысқа белсене кірісіп, тапсырылған істі абыроймен атқарып жүр. Айта кетейік, былтыр 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 15 148 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылған болса, биыл Түркістан облысы бойынша жасы 50-ден асқан 2000-нан аса адам осы жоба арқылы жұмыспен қамтылған. Сала мамандары жобаға қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары екенін айтады.

Аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған еді. Зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыскерге айлық мөлшерінің 30%-ын жұмыс беруші, ал, қалғанын мемлекет төлейді. 2023 жылы осы бағыт бойынша барлығы 14 295 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен іске асырады. Субсидиялардың мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылында 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), үшінші жылында 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ, зейнеталды жастағы азаматты зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *