Роза Нарымбетованың журналистік жолы айтылды
Жақында Түркістан қаласындағы «Фараб » ғылыми-әмбебап кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі халыққа танымал радио,баспасөз және теледидар журналисі Роза Нарымбетова апамыздың шығармашылығына арналған «Журналистика — менің өмірім» айдарымен тәрбиелік мәні зор мәдени кеш өткізілді.
Бұл күнді кеш иесінің мерейі тасыған күн болды десек болады. Іс-шарада Роза Сыздыққызына жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқару органдары басшыларының, мәдениет басқармасы мен бөлімдері басшыларының, белгілі ақын -жазушылардың,білім мен ғылым қызметкерлерінің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар басшыларының, белгілі журналистер мен блогерлердің және басқа да азаматтардың арнайы естелік құттықтаулары мен сый- сияпаттары табысталды.
Кеш барысында Түркістан қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары Роза апайдың құрметіне тамылжыта әсем әндер шырқап, мың бұрала билеп көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Мәдени кеш соңында «Түркістан-Медиа» ЖШС-нің директоры Мәлік Дәулетов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов Роза Нарымбетованың өмірі мен ерен еңбек жолы жайлы мәліметтер айта келіп, оған ҚР Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілгенін жариялаған соң төсбелгісі мен куәлігін табыс етті.
Айта кетейік, өңіріміздегі әйелдер барлық салада жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде Түркістан облысындағы 5600-ден астам мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзік жандылар құраса, оның 244-і немесе 15 пайызы басшылық лауазымдарды атқарады.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы,Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі.