Созақтың Салтанаты немесе Қостанайда Алиханды, Астанада Айдананы, Шымкентте Сұлтанды, Созақта Айзерені дүниеге әкелген ардақты ана

Теріскей өңірі қашанда ырыс пен ынтымақтың алтын бесігі. Кешегі Ақбикеш, Айбике сияқты елдің тұлғалы аналары дүниеге келген құтты мекен. Кешегі кеңес өкіметі жылдары Созақ өңірінен небір алтын құрсақты аналар еліміздің демографиялық дамуына зор үлестерін қосты. Ол уақытта І, ІІ дәрежелі «Батыр ана» медалдары тапсырылатын. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін төл мемлекетіміздің марапаттары шықты. Экологиялық, әлеуметтік жағдайларға байланысты бала саны шектелді. Десе де арамызда ұрпақ жалғастыру деген бабаларымыздан келе жатқан ұлы дәстүрімізді жалғастырып жатқан жас аналар қатары қайта көбейңп келеді.Сндай жандардың бірі- алтын құрсақты ару ана Салтанат Хамитбекқызы Көшбаева ауданның жас отбасыларына берік өнеге. Салтанат алты ұл-қызды дүниеге әкелген шолаққорғандық көп балалы аналардың бірі. Ол 1983 жылы Сайрам ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебін бітірген. 2005 жылы Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Салтанат болашақ жұбайы Рауан Аманкелдіұлымен 2001 жылы танысып, 2002 жылы отбасын құрады. Тұңғыштары Алиханды Қостанай қаласында дүниеге әкеледі. Жұбайы Рауанның жұмыс бабымен Астана қаласына көшіп келген соң екінші перзенті Айдананы Астана қаласында дүниеге әкеледі. 2007 жылы тағы да қызмет бабымен Шымкент қаласына мекен жайларын ауыстырып көшіп келген соң өмірге үшінші балалары Сұлтан өмір есігін ашады. Рауан отбасында жалғыз ұл болғаннан кейін олар 2010 жылы Шолаққорған ауылына ата-аналарының қолына келеді. Шолаққорғанға келген соң өмірге Айзере, Мирас, Нұрислам  есімді ұлдар мен қыздар келіп, шаңырақтарын шаттыққа бөлейді.  Балаларының төртеуі ауылдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде білім алуда. Барлығы шетінен оқу озаттары.

-Мені ата-анам Хамитбек пен Гүлсім үш жасымда нағашы әжем Далбайқызы Сырғанның тәрбиесіне берген екен. Әжем өткен жылы 102 жасында  қайтыс болды. Ата-анадан бес қыз, екі ұл өмірге келдік. Анам Гүлсім 1998 жылы өмірден озды. Әкем Хамитбек Шымкент қаласында ағамның қолында. Бауырларымның барлығы үйлі-жайлы болған. Мектеп қабырғасында  қандай да іс шара болмасын солардың ортасында жүретін белсенді қыз болдым. Домбыра тартамын, ән айтамын, шағын көрініс қойып үй ішіндегілерді күлкіге батыратынмын. Кейін тұрмысқа шаққан соң отбасымды, балаларымды бірінші орынға қойдым. Дипломымды алған соң Астана қаласындағы «Картофели и овощи» фирмасында маркетлолог болып жұмыс атқардым. Одан шымкент қаласындағы қалалық халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор, операциялық заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етім. Қазіргі таңда Созақ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында бас маман болып жұмыс атқарамын. Отбасым мен жұмысымды қатар алып келемін. Әрине, бұл бірінші Алланың, екінші ата-енемнің, жұбайымның арқасы деп білемін. Біз бәріміз ата-енемнің қолында үлкен отбасы, қара шаңырақ атанып тұрып жатырмыз. Жұбайым Рауан отбасымыздың барлық жүгін көтеріп, тынбай, маңдай терімен, адал бейнетімен асырап жатыр. Мен де бір шетінде көмегімді берудемін.  Рауан отбасында үйдің үлкені. Сондықтан жауапкершілік жүгі соның мойнында. Өзім де көп балалы отбасыдан шыққан қыз болғандықтан отбасымыздың көп балалы болғанын қаладық. 2019  жылы сегізінші наурыз-халықаралық әйелдер күні аудан әкімі «Алғыс хатпен» марапаттап, ардақты аналармен бірге аудан басшысының қабылдауында болдық. Сол жылы Наурыз мерекесі қарсаңында «Күміс алқа» тақты.

Жаратқанға шүкір, бақыттымын! Отбасымды, жұмысымды шексіз сүйемін. Отбасымнан жұмысыма, жұмысымнан отбасыма жеткенше асығамын. Осы жақсылықтар мен қуаныштардың барлығы халыққа барынша адал қызмет етіп, сол халықтан алған ақ алғыс пен батаның арқасы деп білемін,-дейді Салтанат ағынан жарылып.

Сүйікті жар, аяулы ана, инабатты келін, білімді де білікті маман, адал дос бола білген Салтанат шынында ұл-қыздарымен, жарымен, жарасымды отбасымен бақытты болуға лайықты жан.

Мақсат Қарғабай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *