Жылыжайы бар Әсия «Әр көкөністің күйі бөлек» дейді

Ордабасы ауданы Көлтоған ауылының тұрғыны Әсия Қабланова жылыжай шаруашылығын жолға қойып, сол арқылы несібесін еселеп тауып отырған жандардың бірі. Ол кәсіп ашу үшін 2020 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқып, сертификат алған болатын. Кейіннен өз бизнесін қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған-ды. Бұл қаражатқа жылыжай құрал-жабдықтарын сатып алып, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтиды.
Әрине, жылыжай шаруашылығын жүргізу оңай емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Осы істі алғашында 2 сотық үйіргелік жерден бастаған ол, бүгінде шаруашылығын 6,5 сотыққа үлкейткен. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізу. Жылыжайды жылу жүйесімен, жарықпен, сумен қамтамасыз еткен ол күнара сатылымға 100-150 келі қияр шығарады.
– Бірде жолдасым екеуміз қандай кәсіп ашу керектігін ойласқанбыз. Ойға бірден осы жылыжай ашу идеясы сарт ете қалды. Алайда, кәсіп ашу үшін тәжірибе керек. Оңай емес екен. Мен жылыжайда болгар бұрышы мен қияр өсіремін. Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы тұруы тиіс. Одан басқа тұқым таңдау, оны себетін жерді дайындау, қопсыту, арамшөптерін жұлу, піскен қиярларды жинау секілді жұмыстары жетіп артылады. Сапалы өнім алу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Маған күйеуім мен балаларым көмектеседі. Әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Барлығының шығымы жақсы. Қияр 1,5-2 айда піседі. Өнімдерімізді өз ауылымызға және Шымкент қаласындағы «Барыс» базарына апарып өткізіп тұрамыз. Жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту де ойда бар. Көзін тапсаң, жұмыс көп қой, – дейді Әсия.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *