Гүлдана қырғауыл өсіруді кәсіп еткен

Ордабасы ауданы Көлтоған ауылының тұрғыны Гүлдана Жарылқадиева қырғауыл өсірумен айналысады. Ол 2021 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін жетілдіріп, бизнес жоспарын сәтті қорғап, сертификат алған болатын. 1 млн. 225 мың 200 теңге қайтарымсыз грант алып, инкубатордың генераторы мен брудер және 300 дана жұмыртқа сатып алды. Былтырдан бері қырғауыл өсіріп, оны көбейткен кәсіпкер келіншек құстың бұл түрінен пайданың аз еместігін айтады.
– Бастапқыда күйеуіміз екеуміз басқа да құс түрлерін өсіріп көрсек деп ойлайтынбыз. Өңірде сирек кездесетін кәсіппен айналысқымыз келетін. Қырғауыл ерекше әрі өте әдемі құс. Бірде қайын атам қырғауылдың жұмыртқасын алып келді, ал, біз оны инкубаторға салып, шығарып көрдік. Осылайша қызығушылық пайда болып, осы кәсіпті бастап кеттік, – дейді ол.
Зиянкес жәндіктер мен шыбын-шіркейлерді қорек ететін қырғауылдың қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан. Сондай-ақ, халқымыз қырғауылды тоқшылықтың, берекенің белгісі деп білген. Көнекөздер қыстың қатты немесе жайлы болатынын оның салған жұмыртқа санына қарап та білетін болған. Сонымен қатар, қырғауыл еті ішкі ағзаларды қуаттандырып, әлсіреген жүйке жүйесіне шипа болады екен.
Қырғауылдың қанат бояулары арқылы ерекшеленетін 30-ға жуық түрі бар. Қырғауылдың еті тауықтың етіне ұқсас болғанымен, біріншіден, ол өте дәмді келеді. Құрамындағы 13 түрлі дәрумен адам ағзасына қажет барлық минералды заттарды бере алады. Қырғауыл негізінен сәуір, мамыр айларында 21-27 күнде балапан басып шығарады.
Гүлдана Жарылқадиева қырғауылдарды үй ауласындағы торлы қорада ұстайды. Індетке ұшырамас үшін қораны дер кезінде дәрілеп отырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *