Жолдау жүктеген міндет: Биыл Қазығұрт ауданында 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында өңірлік экономиканы дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Біздің алдымызда тұрған міндет жаңа экономикалық бағыт қалыптастырып, халыққа нақты пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыру екенін айтады. Сондай-ақ, Президент: «Инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірлік дамудың негізгі тірегі», — дейді. Осы орайда Қазығұрт ауданында қолға алынған жобалар Жолдау жүктеген міндеттердің орындалып жатқанын көрсетеді.

Өткен жылы Қазығұрт ауданы экономикасының негізгі көрсеткіштері оң серпін көрсетіп, өңірлік өнім көлемі 122,6 миллиард теңгені құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу. Ал, 2025 жылға 134,4 млрд. теңге жоспарланып, өсім 109,6%-ды құрап отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 54,6 млрд. теңгеге орындалған.

Аудан бюджетінің кіріс бөлігі де тұрақты түрде өсуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша нақты түсім 7,9 млрд. теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,8 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Жартыжылдықтың қорытындысымен 5,1 млрд. теңге түсім қамтамасыз етілді. Жалпы, соңғы үш жылда ауданның кірістері 1,5 есеге артқан.

2024 жылдың қорытындысымен ауданның өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 110,2 пайызды, ал 2025 жылдың алғашқы алты айында 119,5 пайызды құрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экономиканы әртараптандыру үшін өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіп кешенін және шағын және орта бизнесті қолдау негізгі басымдық болуы керек екенін атап өткен болатын.

Президент тапсырмасына сәйкес Қазығұрт ауданында инвестициялық жобалар қарқын алуда. 2025-2026 жылдар аралығында жалпы құны 21,1 млрд. теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде биыл 7,9 млрд. теңгеге 18 жоба іске асып, 299 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 2,9 млрд. теңгенің 6 жобасы іске қосылып, 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 5 млрд. теңгенің 12 жобасы іске қосылып, 229 жұмыс орны ашылатын болады. Ал, 2026 жылы жалпы құны 13,2 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба арқылы 450 жұмыс орны ашу жоспары бар.

Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті интеграциялай отырып дамытуға бағытталған жаңа бастамалардың бірі – «Тұрбат» агроиндустриалды аймағының құрылуы. Бұл жоба 60 гектар жер аумағында іске асады. Аталған аймақта жалпы 3,8 млрд. теңгенің жылыжай кешендері салынады. Бұл арқылы 416 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаның тиімділігі – әр гектарға 73 млн. теңгеден инвестиция тарту арқылы ауыл шаруашылығында өндірістің көлемі мен сапасын арттыруда.

Экономикасы әртараптандырылып, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Қазығұрт ауданы бүгінде тұрақты даму жолына түсіп келеді. Мұнда жаңа инвестициялық жобалар, агроиндустрияны жандандыру және инфрақұрылымды күшейту арқылы аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту басты мақсат саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *