Фермерлер тыңайтқыштарға уақтылы өтініш беруі қажет
Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазығұрт ауданының бидай өндірушілерімен және Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының мақта өсірушілерімен кездесті.Бүгінде Түркістан облысында 469,3 мың гектар жерге көкөністер мен егін егілді. Оның 100 мың гектардан астамы – Қазығұрт ауданында. Мұнда бидай, арпа, жүгері, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, көкөністер өсіріледі. 2 мың гектарға жуық бақша жайқалды. Жайылымға 133 мың га бөлінген. Агроқұрылымдардың басым көпшілігі – шаруа қожалықтары (3375). Оның 105-і серіктестіктер болса, 127-сі – кооперативтер.
«Қазығұрт-Агро» ЖШС-нің директоры Ержан Көбеев вице-премьермен кездесуде субсидиялауға жататын тыңайтқыштарды енгізу нормасын және фермерлер үшін арзандатылған дизель отынын тұтыну нормативін ұлғайту мәселесін көтерді. «Егер мөлшерін көбейтсек, біз жерді екі рет өңдеп, топырақты жақсарта аламыз», — дейді ол.
Серік Жұманғарин өндіруші зауыттарда қажетті қорды қалыптастыру үшін фермерлер тыңайтқыштарға уақтылы өтініш беру қажет деп жауап берді.
– Биыл республика бойынша тыңайтқыштарға 35 млрд теңге бөлінді, біз шамамен 1,5 млн тонна енгізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылға арналған жоспарда көлемді 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Тыңайтқыш алуға мүмкіндігіңіз бар, өтінім беріңіз, – деді ол.
Шаруа Спандияр Байғұлов шетелдік ауыл шаруашылығы техникасына субсидия берудегі мәселелер бойынша сұрақ қойды.
– Мен «John Deere» комбайнын 140 млн теңгеге несиеге алғым келді. Бірақ маған бұрынғыдай 6% — ға емес, тек 15% — ға ғана субсидия берілетінін айтты. Бұл қалай? – деді ол.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов енді Қазақстанда аналогтары өндірілетін шетелдік техниканы сатып алуға субсидиялар берілмейтінін айтты.