Тұрғындар Абай ауылындағы мал базарды жаңадан салынған базарға көшіруді сұрайды
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізді. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді мұқият тыңдап, жауапты басшыларға проблемаларды заң аясында шешуді тапсырды. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары да қатысты.
Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселелерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Енді бір тұрғын денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ, бұл қабылдауда жол мәселесі де қозғалды.
Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал, енді бір тұрғындар Абай ауылындағы мал базарды жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды. Мәселелер бақылауға алынды.
Айта кетейік, Келес – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мұнда мүмкіндік мол. Бүгінде 130 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда былтыр жалпы өнім көлемі 118 млрд. теңгеге жетіпті. Өзіндік кіріс 3 млрд. теңгеге жуықтаса, қосымша кіріс көлемі 400 млн. теңгедей болған. Ал, 13 мыңға тарта шағын және орта бизнес нысандарында 17 мыңнан аса адам жұмыс істеуде. Сонымен бірге, Мұнда қытайлық компаниялар жалпы құны 50 млрд. теңгені құрайтын 4 зауыт салуды жоспарлап отыр.