«Мемлекетті дамытудағы негізгі күш — кәсіпкерлік»
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына іссапары барысында «Мерген-Н» ЖШС-нің минералды су, алкогольсіз сусындар шығаратын зауытының жұмысымен танысып, мемлекетті дамытудағы негізгі қозғаушы күші кәсіпкерлік екенін баса айтты. Жауапты басшыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Біз жергілікті өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтсақ қана өңір бюджеті толығады. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде «Мерген-Н» ЖШС-нің өнімдері елімізбен қатар Ресейге де экспортталады. Жобалық қуаттылығы – сағатына 2,5 мың дана. 2002 жылы іске қосылған зауытта 35 адам жұмыс істейді.
Облыс басшысы осы сапарында жылыжай шаруашылықтары иелерімен де кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Өңір басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа да көкөніс түрлері мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 млн. теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылдан жұмыс істейді, 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі тиісті сала жетекшілеріне ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.
Айта кетейік, өңір жылыжай көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр.