Келестік кәсіпкер Қытайдан 16 тігін машинасын алып қайтты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына іссапары барысында бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, оларды дамыту жолдарын қарастырды. Айталық, өңір басшысы Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы цех жұмысымен танысты.

Ағымдағы жылдың наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына аудан әкімімен барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.

Кәсіпкер өз қаржысы есебінен, сонымен қатар қосымша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында қаражат алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізінен қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек, құрақ, ұлттық киімдер шығарады.

Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасы сатып алынатын болды. Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасымен тігіншілер жұмысқа алынады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады.

Кәсіпорын негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны 408 млн теңге.

Айта кетейік, былтыр облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылы оң өсімге қол жеткізілді. Бүгінде өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша өңіріміз Алматы және Астана қалаларынан кейін 3-орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті.

Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *