Келес ауданында 300 орынды «Жайлы мектеп» салынуда
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданынан арнайы барды. Іссапар барысында Біртілек ауылдық округіндегі 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы білім нысанын салу барысында сапаға баса назар аударуды атап өтті.
Отандық компаниялардың құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жібергенін айтқан мердігерлер қосымша қаражаттың қажеттігін жеткізді. Облыс басшысы кішігірім мектеп үшін бекітілген қаражаттың жеткілікті екеніне тоқталып, құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясындағы құрылысты «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен «Шымкент Автоматика» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Жалпы жер көлемі 2,3 га. Өткен жылы басталған білім ошағы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны 2,6 млрд теңге. Құрылыс алаңында 69 адам, 5 техника жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, өңірімізде 1052 жалпы орта мектеп бар. Ол мектептерде 518 733 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында отыз мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Нақтырақ айтсақ, 32 306 түлек қолына аттестат алады. Осылардың арасында 1727 оқушы «Алтын белгіден», 2466 оқушы «Үздік аттестаттан» үмітті. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтініш білдіріп отыр.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде өңірімізде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 29 мектеп (жалпы жобалық қуаттылығы 22 900 орын) пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектеп (36 100 орын) тапсырылмақ.
Сонымен қатар, облыстағы мектеп тапшылығын шешуге жеке кәсіпкерлер де ниет білдіруде. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста алты мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді.