Еңбекпен келген құрмет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама – көп жағдайда назардан тыс қалып келген қарапайым еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің көрінісі.
Бүгінде еліміздің дамуына сантехник, электрші, дәнекерлеуші, құрылысшы, жүргізуші, наубайханашы, тігінші, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, аспаз бен шаштараз секілді сан түрлі жұмысшы мамандық иелері өз үлесін қосып келеді. Солардың қатарында медицина саласындағы кіші буын қызметкерлерінің еңбегі де айрықша.
Ақ халаттылардың көмекшілері саналатын тазалықшылардың рөлі әсіресе перзентхана сияқты жауапты бөлімдерде орасан. Өмірінің жиырма бес жылын Кентау қалалық ауруханасының босану бөлімінде тазалық жұмысына арнаған Сәуле Исабекованың еңбегі – соның айқын дәлелі.
Сәуле Исабекова 1965 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде он жылдық білім алып, жақсы бағамен тәмамдайды. Арман қуып Кентауға келген жас қыз ата-енесінің қолында келін болып, шаңырақтың берекесін кіргізеді. Ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесі мен үй шаруасына басымдық беріп, балалары есейген соң, 2000 жылы Кентау қалалық ауруханасының босану бөліміне тазалықшы болып жұмысқа орналасады.
Алпыстың асуына шыққан Сәуле апайдың еңбекқорлығына қарап, жасының үлкендігін аңғару қиын. Таңғы ертемен жұмысқа келіп, әріптестерімен және босануға келген аналармен амандасып, жағдайларын сұрап алып, бірден іске кіріседі. Бөлмеден бөлмеге асықпай, бірақ тынымсыз қозғалып, өзіне жүктелген жұмысын тиянақты орындайды.
– Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз – ең алдымен өз міндетіне адал, ісіне таза адам. Маңдай терімен тапқан табыс қана қадірлі. Қандай мамандық иесі болса да, өз жұмысын шын көңілмен атқарса – ол нағыз еңбек адамы. Мемлекет басшысының қарапайым еңбек иелеріне көрсетіп отырған құрметі бізге үлкен жігер береді, – дейді ол.
Үйде Сәуле апай – аяулы ана, асыл жар. Жолдасы Аманхан ағамен бірге төрт қызды тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты әже.
– Қазір жастардың көбі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтайды. Ал шын мәнінде елге қарапайым еңбек адамы да ауадай қажет. Адал еңбектен ұялудың қажеті жоқ. Қайта соның қадірін білу керек, – дейді ол.
