Президент Жолдауы: Кентаудың дамуы үшін жаңа міндеттер айқындады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміз бойынша кеңінен талқылануда. Бұл құжатта экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл-аймақтардың өркендеуі, экология және білім беру салалары бойынша маңызды міндеттер айқындалған.

Осыған байланысты Кентау қаласы әкімдігінде қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, әкімдік аппаратының басшысы, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысы атап көрсеткен жеті негізгі бағыт егжей-тегжейлі талқыланып, Кентаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Жандос Тасов өз сөзінде өндірістік әлеуетті арттыру, инвестициялық жобаларды қолдау, ауыл шаруашылығында жаңа бастамаларды дамыту қажеттігін атап өтті.

– Президент Жолдауында еліміздің келешегіне зор серпін беретін салалар айқындалды. Біз үшін басты міндет – осы бағыттарды тиімді іске асырып, Кентаудың дамуына нақты үлес қосу. Әрбір сала бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, кешенді жоспарлар әзірленуі тиіс, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар жиында құрылыс саласында қолға алынған жобалардың орындалу барысы қаралды. Қала басшысы жауапты бөлімдер мен мекемелерге жұмыстың сапасын арттыруды, Жолдауда көрсетілген басым бағыттарға сәйкес нақты іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.

Жиын соңында қала әкімі әрбір бөлім мен мекеме басшысына халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды нақты жоспарға енгізіп, орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Бұл басқосу – Президент Жолдауындағы жаңа міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асырудың маңызды қадамы. Кентау қаласының тұрғындары мен мекемелері еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып, белгіленген басымдықтарды орындауға белсенді қатысатынына сенім білдірілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *