Жолдау жүктеген міндет: Түлкібаста тоқтап тұрған жүгері зауыты қайта жанданады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын орнықты дамытудың негізгі тетігі ретінде аймақтардың әлеуетін толық пайдалану және жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту қажеттігі айтылды. Президент өз сөзінде өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және бұрын тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу экономикалық өсімге тікелей әсер ететінін атап өткен болатын. Бұл бағыттағы міндеттер бүгінде өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді.

Осы орайда Түлкібас ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға, өндіріс орындарын жандандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігінің сүйемелдеуімен мемлекеттік қолдау тетіктері тиімді пайдаланылып, жеке инвесторлар тарту арқылы аудан экономикасына серпін беретін жобалар кезең-кезеңімен іске асуда. Соның ішінде көп жылдар бойы жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды қайта жандандыру мәселесі ерекше назарға алынуда.

Аудан орталығында және ауылдық елді мекендерде кезінде аудан экономикасының тірегі болған өндіріс ошақтарына жаңа тыныс беру – жұмыс орындарын сақтаудың, халықты тұрақты табыспен қамтудың және жергілікті бюджеттің кірісін арттырудың маңызды жолы. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – халық арасында «Кукурузный» зауыты атанып кеткен, бір кездері Түлкібас ауданының басты кәсіпорындарының бірі саналған өндіріс орнын қайта жаңғырту мәселесінің күн тәртібіне қойылуы.

Жуырда аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге аталған кәсіпорын аумағында болып, зауытты қайта іске қосу мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеді. Сапар барысында кәсіпорынның техникалық жағдайы, инфрақұрылымы және оны қайта жандандырудың экономикалық тиімділігі талқыланды. Аудан басшысы бұл бастаманың өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, салалық бөлімдерге тиісті тапсырмалар берді.

Аталған кәсіпорын кеңес заманында жүгері өнімдерін өндіруге маманданған ірі өндіріс орны болған. Кейін 2002 жылы қайта құрылымдаудан өтіп, зауыттың өндірістік жабдықтары толықтай бидай өңдеуге бейімделген. Осы өзгерістерден кейін кәсіпорын шамамен 13 жыл бойы тұрақты жұмыс істеп, өңірді сапалы ұн өнімдерімен қамтамасыз еткен. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты 2013 жылдары зауыт жұмысы тоқтап қалған.

Бүгінде зауыт аумағы шамамен 8 гектарды құрайды. Мұнда 5 қабаттан тұратын диірмен ғимараты, дайын өнім сақтайтын қоймалар, жұмысшыларға арналған жатақхана, салмақ өлшейтін нысандар, әкімшілік ғимараттар және арнайы темір жол желісі сақталған. Бұл инфрақұрылым кәсіпорынды қайта іске қосуға және өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға үлкен мүмкіндік береді.

Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезеңде жылына 40 мың тоннаға жуық бірінші және екінші сұрыпты ұн өндірілген. Зауытта 140-қа жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, бұл Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан. Сондықтан зауытты қайта жандандыру тек экономикалық жоба ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бастама болып отыр.

Аудан әкімі Асқар Естібаев зауытты аралау барысында алдағы уақытта өндірісті қайта іске қосу, инвестор тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мүмкіндіктерін пысықтауды жауапты бөлімдерге тапсырды. Бұл бағытта қажетті талдау жүргізіліп, нақты ұсыныстар әзірленетін болады. Егер жоба жүзеге асса, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы дамып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *