Жолдау жүктеген міндет: Сарыағашта мақта-тоқыма өндірісі жобалары талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды жақсарту мен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау ел дамуының басты басымдықтарының бірі екені ерекше атап өтілді. Президент жаһандық деңгейде инвестиция үшін бәсекелестік күшейіп тұрған кезеңде «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, осы мақсатта Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілгенін жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, энергетика, туризм және машина жасау сынды стратегиялық маңызды салалардағы жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сонымен қатар, экономикаға тікелей тартылатын инвестиция көлемін төмендетіп алмау үшін бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтып, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін де ерекше еске салды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асатын жобаларды сапалы әзірлеу, халықаралық қаржы институттары қатысатын бастамаларға басымдық беру де Жолдауда нақты тапсырма ретінде жүктелді.
Осы мемлекеттік саясат аясында Сарыағаш ауданында инвестиция тарту және өндіріс саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын дәлелі ретінде аудан аумағында мақта-тоқыма өндірісі жобаларын іске асыру мәселелеріне арналған маңызды кездесулерді айтуға болады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қытай Халық Республикасының ірі компанияларының бірі – «TEXHONG GROUP HOLDINGS» компаниясының инвесторларымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ауданның инвестициялық әлеуеті, мақта-тоқыма саласын дамыту мүмкіндіктері, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын құру және жобаларды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым мәселелерін жан-жақты талқылады.
Аудан әкімі өз сөзінде Сарыағаш ауданының тиімді географиялық орналасуы, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті, әсіресе мақта өсіруге қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Сонымен қатар, жобаларды табысты іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң аясында барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу алдында инвесторлармен бірге Дарбаза индустриялық аймағында жоспарланып отырған зауыт құрылысына арналған жер телімдері қаралды. Шетелдік инвесторлар ұсынылған аумақтың инженерлік инфрақұрылымымен, электр, газ, су желілеріне қолжетімділігімен танысып, өндіріс орны үшін қолайлы жағдай жасалғанына оң бағасын берді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі салалық бөлім басшыларына жобаларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Инвесторлармен өзара тығыз байланыс орнатып, келіссөздерді жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі де атап өтілді.
Аталған мақта-тоқыма өндірісі жобалары жүзеге асқан жағдайда Сарыағаш ауданының экономикасы жаңа серпін алып, өңірде қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп, экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда инвестиция тарту, өндіріс саласын дамыту және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы мұндай жобалар Мемлекет басшысы белгілеген экономикалық өсім мен тұрақты дамуға қол жеткізу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
