Медиатор Саяра Даванова: «Медиация – ел ішіндегі бірлікті сақтауда айнымас институт болып табылады»
Медиация – қоғамда елдің тыныштығын сақтауға үлес қосатын бірден-бір институт. Жалпы ел ішіндегі дау-жанжалды сотқа жеткізбей шешетін, тұрғындарды татулыққа шақыратын медиаторлар бұрын да болған. Бұны ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс десек де болатын шығар. Бүгінде біз соған жаңа атау беріп, жаңғыртып отырғандаймыз. Түркістан облысына қарасты аудандар арасында өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған өңірлердің бірі Сайрам ауданы болып табылады. Сондықтан, мұнда медиация этникааралық дауларды шешуге белсенді түрде араласады. Орайы келгенде аталмыш аудандағы медиаторлардың бірі Саяра Даванованы әңгімеге тартқан едік.
— Саяра Даванова айтыңызшы, медиация дегеніміз – ата-бабамыздан қалған бітімге келу, бітімгершілікте өмір сүру секілді дәстүрлердің жалғасы. Солай ма?
— Дұрыс айтасыз, ата-бабамыздың тентегін түрмеге түсірмей-ақ дер кезінде тезге салып отыратын дәстүрлерінің бірі осы – медиация. Қанымызға сіңген бұл қасиет бүгінде құқық қорғау саласында оң нәтижесін көрсетуде. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы медиацияның атқарған жұмыстарын кеңінен насихаттап, оның қолданыс аясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Сәл кейінге шегініс жасайық. Осыдан біраз уақыт бұрын Ассамблеяның кезекті сессиясында даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешу үшін медиция Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты ретінде белгіленді. Сөйтіп, медиаторлардың бұдан былай елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауға да белсенді түрде атсалыса алатындығы айтылды. Сонымен қатар, медиаторлар желісін дамыту мәселелері көтеріле бастады.
Жалпы медиацияның қызметін дамытуда Ассамблея орасан зор міндет атқарады. Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданды. Соған дейін бұл жүйенің жүйелі түрде дамымағанын айта кеткен жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бағыты ретінде белгіленгеннен кейін ғана мемлекетімізде медиацияға бетбұрыс жасала бастады. Ең алдымен медиаторлар соттардың жүктемесін азайттық. Елдің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз етуге үлкен ықпал етті. Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, біз ата-бабамыздың ежелгі билік ету дәстүрін бүгінгі заман талабына сай етіп өндеп, қоғамымызға қайта оралтып отырмыз. Мұның бәрі елімізде медиация қызметінің өміршең екендігін айғақтай түседі.
Бүгінде медиация қоғамдағы әлеуметтік дауларды бітімгершілік жолмен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды, бірлік пен тұрақтылықты сақтап, достық пен ынтымақтастықты нығайтушы күшке айналып келеді.
— Бәрімізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді. Онда медиацияға қандай міндет жүктелініп отыр. Осы туралы да айта кетіңізші…
— Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында медиация қызметін дамыта түсу керектігі айтылды. Өйткені, ел ішіндегі даулы мәселелердің шешілуіне ел бірлігін көксеп жүретін ұлттық этномәдени бірлестіктер мен медиация орасан зор үлес қосады.
Мемлекетімізде Ассамблея жұмысының арқасында этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасып келеді. Сонымен қатар, біздің елімізде әрбір азаматқа этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда көрсетілген құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай мүмкіндік берілген. Соның нәтижесінде этнос өкілдері арасында сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы, тұрақтылық қалыптасты. Уақыттың өзі медиация қызметі негізінен халықаралық, этносаралық дау-жанжалдарды шешу кезінде қажет болатынын көрсетті. Ежелгі Вавилонда, Грекияда медиация қызметіне жүгінушілер көп болған. Бүгінде біздің елімізде де Ассамблеяның бір жұмыс бағыты ретінде белгіленуі тегіннен-тегін емес болар. Өйткені, Ассамблеяның Достық үйлерінен ашылған медиация кабинеттері этносаралық келіспеушіліктердің алдын алуға күш салуда. Халқымыздың өткен тарихынан білетініміздей, жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспес дауды шешіп, «бітімге келмейміз» дейтін жандарды құда етіп тарқататын бабаларымыздың дауды шешудегі озық жүйесін бүгінде медиация атқарып отыр.
Біз өзіміздің фейсбук парақшамызда атқарған жұмыстарымызды жариялап отырамыз. Сайрам ауданында өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған. Сондықтан, бізге артылатын жүк ауыр деуге болады. Бизнеске тән даулардан бастап, отбасылық дау-жанжалдарда, ажырасу барысында, ортақ мүліктерін бөлу кезінде, азаматтық істерде өз кеңесімізді беріп, тұрғындардың мәселесін сотқа жеткізбей бейбіт шешуге атсалысамыз.
Реті келгенде айта кетейік, медиация тәжірибесі бүкіл өркениетті әлемде кең таралған. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, әлем бойынша бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы медиация арқылы шешіледі екен. Адами қағида бойынша тараптардың өзара бір-біріне кек сақтамауына, азаматтардың адамгершілік қасиеттерін арттыруға зор ықпалын тигізетін жүйе қазір әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Ұлтымыздың дәстүрінде бұрыннан бар билер институты қазақ қоғамына жат емес екеніне уақыт өткен сайын көз жеткізудемізі. Медиацияның қоғам үшін пайдалы екенінің бір дәлелі — тараптар қаржылық шығындарға ұшырамай, уақыттарын да үнемдеп, өзара достық қарым-қатынасты сақтап қалуымен ерекшеленеді. Негізінен бұл жерде тәжірибелі медиаторлардың еңбегі орасан зор. Сол себепті бүгінде елімізде тәжірибелі медиаторларды көбірек дайындауға күш салынуда.
— Медиатор екі тарапты да қанағаттандыратын жолдарды іздейтінін айттыңыз. Дегенмен, медиациядан асып барып, сотқа тіркелетін жағдайлар да кездеседі ғой. Мұндай мәселе қалай шешіледі?
— 2016 жылы кәсіби медиаторлардың араласуымен Ассамблея аясында 2 мың 300-ден аса іс қаралып, оның тең жартысы бітімге келген. Көбінесе азаматтық істерде татуластыру рәсімдерін сәтті қолданып келе жатқан Ассамблея жанындағы медиация кабинеттері алдағы уақытта да талай істі тиімді шешеріне сенімім мол. Бүгінгі таңда бір ғана Түркістан облысы аумағы бойынша Ассамблея жандарынан ашылған 100-ден астам медиация кабинеттері сәтті жұмыс істеуде. Ал, еліміз бойынша олардың саны жыл өткен сайын артып келеді.
Өзіңіз айтқандай, медиацияның тиімділігін көріп отырсақ та, әзірге медиациядан асып барып, сотқа тірелетін істер қатары өкінішке қарай аз дей алмаймыз. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, мынандай тәжірибелерді мысалға келтірейік. Малайзияда медиация арқылы, сотқа жетпей жатып, медиация арқылы шешім табатын істер 90 пайызды құраса, Англияның сот жүйесінде істердің тең жартысы, яғни, 50 пайызы бітімгершілікке келіп, шешімін тауып жатады екен. Сондықтан, қоғамымызда кәсіби медиаторлардың санын арттырып, медиациялық кабинеттерді көбейтуіміз керек.
Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасының негізгі мақсаты — әлемдегі ең дамыған өркениетті 30 мемлекеттің қатарына кіру. Ол үшін бізге соттардың бітімгершілік институтын жетілдіру аса маңызды болып табылады. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіміз үшін өркениетті елдердегідей бірлікте, татулықта өмір сүруіміз керек. Осы жолға бастайтын медиация қызметін жетілдіре түсу уақыт талабы. Бұрын судьяларымыз ел ішіндегі кішігірім дауларға мойын бұруға уақыт таппай жататын. Қазір бұл шаруамен медиаторлар айналысып, тұрғындардың тұрақтылығын сақтауға үлес қосып келеді.
Ел ішіндегі бірлікті сақтауда айнымас институт болып қалыптасқан Ассамблеяның медиациямен айналысуын айтарлықтай құптарлық іс деп білемін. Оның ел дамуына тигізер пайдасы орасан зор.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасымен Республиканың барлық соттарында «Сотқа дейін, сотта татуласу» төңірегінде пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба бітімгершілік рәсімдердің қолдану аясын кеңейтіп, істерді қарау мен шешуде тараптардың уақытын және қаржылай шығынын үнемдеу, сот жүктемесін азайту мақсатында іске асырылуда. Бітімгершілік рәсімдері мұрагерлік, некені бұзу, мүліктік даулар бойынша, тұрғын үйді ұстауға байланысты шығындарды, банктік несие бойынша берешекті өндіру, сондай-ақ, кейбір еңбек даулары және басқа да санаттағы даулар бойынша қолданылады.
— Медиаторлар адамдардан нені талап етуге құқылы?
— Заңға сәйкес, медиатор
Медиация тараптарына қылмыстық процесті жүргізетін орган беретін ақпаратпен танысуға;
Медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға;
Қылмыстық-процестік заңға сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен оңаша және құпия кездесуге;
Тараптарға медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасуға жәрдемдесуге;
Медиатор тараптардың келісуімен медиация рәсімін қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз бен хабар тіркелген кезден бастап және қылмыстық процестің үкім заңды күшіне енгенге дейінгі кейінгі сатыларында жүзеге асыруға;
Медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткізуге және оларға дауды (дау-шарды) шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге;
Құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы.
Жақсылық — адамгершілік пен имандьілықты сипаттайтын жалпы ұғым. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады. Жақсылық жасау-міндетті түрде ол адам үшін дүниені төңкеру немесе әлем білетіндей көмек көрсету емес,жай ғана сөзбен демеп,кішкене ғана көзге ілінбес жақсылық жасаудың өзі үлкен құрметті іс.Жақсылықтың ісі ең алдымен жақындарыңнан,туысыңнан,достарыңнан басталады.Кейде тіпті жолда кетіп бара жатып,танымайтын үлкен адамның немесе жас жеткіншектің сумкасын көтерісіп жеткізіп берсеңде,бұл үлкен қошеметке ие болар сауапты істің біріне жатады.Отбасының берекесі татулығында, ерлі —зайыптылар медиация тәртібімен татуласты. Араздасқан жастарымызға дер кезінде көмек беру, ақыл кеңес беру медиатордың басты мақсаты. Міне кеше ғана тағы бір отбасы татуласып, алғыстарын білдіріп, рахмет айтып, қол ұстасып кетті.
Азаматтық істерге қолданылатын медиацияның көздеген мақсаты – тараптардың талаптарын қанағаттандырып, ортақ, екі жаққа тиімді мәмілеге келтіру. Кез-келген шағымда, арызда, талап-арызда талас болады. Сол таласты шешу барысында тараптарды бітімгершілікке шақыруды көздейтін заңның тұғыры күн өткен сайын бекіп келеді. Жаңадан қабылданған ҚР Азаматтық процестік кодексінде медиация, бітімгершілікке келу, татуласу сынды институттар кеңінен қолданылған. Жаңа кодексте егер белгілі бір істердің санаты үшін заңдар және шарттар бойынша талап қою немесе өзге де сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделсе, онда тек осы талап сақталған жағдайға ғана сотқа жүгінуге болатыны да баяндалған. Бұл жобада азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сот ісін жүргізуде бітістіру рәсімдерін қолдану мәселесімен қатар, соттар қызметінде ақпараттық технологияны кеңінен пайдалану мәселесі де көзделген. Бір сөзбен айтқанда медиацияны кеңінен қолданысқа енгізудің тағы бір тиімділігі – дауласушы тараптар уақыттан да ұтады.
Мысалы, сот шешіміне қанағаттанбаған тараптың өтініші апелляциялық және кассациялық сатыларында қайта қаралып, уақыт созылады. Ал, медиация әдісі кезінде істі қарау уақыты екі жақтың бітімге келуіне байланысты. Егер бітімгершілікке келе алмаған жағдайда сотқа жүгінуіне де болады
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет. Әрқашан амандықта жүздесейік!