Оңтүстіктен Солтүстікке: Мемлекеттік саясаттың өзекті бағыты
Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті шешу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысының Келес ауданында орналасқан аудандық Мансап орталығында Солтүстік Қазақстан облысынан келген арнайы топтың қатысуымен маңызды кездесу өтті.
Іс-шара барысында көші-қон мәселесі талқыланып, халыққа жан-жақты ақпарат ұсынылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған: «Мемлекет халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе ауылдық аймақтарда өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту мен жұмыс орындарын ашу – басым міндет» деген сөздерінің нақты көрінісі.
Кездесуге қатысқан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков оңтүстік өңір тұрғындарын солтүстікке қоныстандырумен 2016 жылдан бері белсенді айналысып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған отбасылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысып, тұрмыстық жағдайларын айтарлықтай жақсартып отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың нәтижесі. Солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуалды оңалту мақсатында атқарылып жатқан бұл бастама Парламент пен Үкімет тарапынан да қолдау тауып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде бос тұрған мектептер мен емханаларға мамандар тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды сақтау үшін бұл шаралар аса маңызды.
Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов өз сөзінде қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдауларға тоқталды. Оның айтуынша, көшіп барған азаматтарға бір реттік жәрдемақы, тұрғын үй жалдау ақысы, коммуналдық шығындар бойынша өтемақы сияқты бірқатар қаржылай көмек көрсетіледі. Бұған қоса, жұмысқа орналасуға, жеке кәсіп бастауға да мүмкіндік мол. Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов солтүстік ауылдарындағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар туралы айтып, көшіп барған отбасыларға жергілікті тұрғындар тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді. Атап айтқанда, жаңа тұрғындарға кезексіз 1,5 гектар егістік жер бөлінеді. Бұл алқаптар күнбағыс, жүгері, картоп сияқты оңтүстік халқына үйреншікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қолайлы.
Бұл – «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып жатқан кешенді шаралардың бір бөлігі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында ауылдық аймақтарды дамыту, халықты жұмыспен қамту және жастарды қолдау мәселесіне үнемі ерекше мән беріп келеді. Соның ішінде, 2023 жылғы Жолдауында: «Мемлекеттік бағдарламалар өңірлердің ерекшелігіне сай икемделуі қажет. Әрбір азамат өз әлеуетін туған жерде іске асыра алуы үшін жағдай жасалуы тиіс» – деп атап өткен болатын.
Келес ауданы – халқы тығыз орналасқан, жұмыс орындары мен ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі шектеулі өңір. Мұндай аймақтарда көші-қон арқылы әлеуметтік-экономикалық қысымды азайтып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу – аса маңызды міндет. Осы тұрғыда облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабековтің айтуынша, солтүстікке қоныс аудару – әсіресе жастар үшін үлкен болашаққа бастар жол бола алады.
Кездесу барысында халық тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, сала мамандары жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл кездесулер тек ақпарат тарату емес, халықпен кері байланыс орнатудың, олардың пікірін ескерудің және сенімін арттырудың тиімді құралы ретінде де маңызды рөл атқарады. Осылайша, Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы әріптестік, халықты тиімді қоныстандыру арқылы ел экономикасын дамыту, өңірлер арасындағы теңгерімді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл – ел болашағы үшін атқарылып жатқан маңызды реформалардың бір бөлігі.