Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 283 жоба қаржыландырылды
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өзекті мәселелер ашық айтылды. Тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облысты, ауданды дамыту жұмыстарын қысқаша баяндап, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады.
– Сарыағаш ауданының әлеуеті өте жоғары. Экономиканы, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өлке. Біз Сарыағаш ауданын дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Сарыағаш ауданында 10 мектеп салынады. Бұл – үлкен қолдау. Білім сапасын көтеруге, осы саладағы жемқорлықты жоюға күш салып жатырмыз. Инвестиция тарту, яғни, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да назарымызда тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 2023 жылы 13 елді мекенде 30 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар – Мәдениет үйлері, мектептер жөнделіп жатыр, салынып жатыр, инфрақұрылым жақсарды. Биылға 8 елді мекенде 21 жобаны іске асыру үшін 3,8 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 283 жоба қаржыландырылды. Сарыағаш ауданында 21 мектептің интернет жүйесі толық іске қосылды, – деген Дархан Амангелдіұлы ауданда орындалмаған индикаторларды да ашық айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 43 пайызға өсіп, 2023 жылы 277 млн. теңгеге жеткен. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 48 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен.