Ауылда еңбекқор жандар көп

Отбасы және отбасылық құндылықтар — кез келген адамның өмірін құрайтын ең маңызды іргетас. Тұлғаның қалыптасуы да отбасыдан басталады, ал отбасылық құндылықтар тұтас табиғаттың үйлесімді дамуы үшін қажетті қабілеттерді қалыптастырады. Балалардың мінез-құлқы отбасында болып жатқан оқиғалардың көрінісі екені даусыз. Бала үйде түрлі құндылықтарды қабылдап, оны бойына сіңіру үшін алдымен оған үлгі бола білуіміз керек. Егер ата-ананың өзі отбасы құндылықтарын бөліспесе, өскелең ұрпақ мұны қайдан сезініп, қалай үлгі алады? Демек, отбасы құндылықтарында ең бастысы – барлық отбасы мүшелерін біріктіру, оларды өмірдегі кез келген қиыншылыққа дайын болуға үйрету, еңбекке баулу.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін ерекше қастерлеген. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету – ұлттық мәдени кодымыздың бір бөлігі. Тұлғаның биік адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруда отбасы басты рөл атқарады. Ата-ана мен ата-әжелер балаларды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке, білімге деген құштарлыққа тәрбиелейді»-деген болатын. Осы ретте отбасы құндылықтарының бірі – еңбексүйгіштік, еңбекқорлық. Осынау маңызды қасиеттерді баланың бойына сіңіріп қана қоймай, оны ісімен дәлелдеу ата-ананың басты міндеті.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп жастаймыздан құлағымызға сіңірген ата-анамыздың маңдай тер, орасан еңбегінің арқасында біз де зор жетістіктерге жеттік деп ойлаймыз. Расында еңбек адамы қай кезде де алдыңғы қатарда жүрген. Осындайда отбасы құндылығы дегенде ең алдымен болашаққа жоспары бар нық отбасы, сенім мен еңбектен құралған отбасының іргесі биік екені сөзсіз. Сөздің орайы келгенде еңбекшілер отбасын мысалға келтіре кетсек артық болмас. Сауран ауылдық округі Ынталы елдімекені Майдамтал ауылының тұрғыны Нармаханов Бауыржан Қалмаханұлы — он саусағынан өнер тамған шебер. Алтын асықтай төрт ұл-қыздың асқар тау әкесі. Балалардың көз алдында қашан көрсең тынбай еңбектеніп жүретін нағыз еңбекқор адам.

Бауыржан бүгінде ауылында ескі заттарды жөндеп, әрін келтіріп, жаңалап берумен ауыл-аймаққа кеңінен танымал. Өзінің негізгі мамандығы теміржол диспетчері. Жұмыс бабымен Алматы қаласына барып, жиһаз жасайтын компанияда 12 жыл талмай жұмыс істеп, жиһаз өңдеу ісінің қыр-сырын әбден меңгереді. Кейін ауылға оралып, өз үйінен жиһаз дайындауды қолға алады. Әуелі ескірген диван-креслоларды, шкафтарды бұзып, сыртын жаңалап қаптаудан бастайды.

«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, бұл игі істе Бауыржанға қолқанат болып, үй шаруасымен қатар отағасының жұмысына қамқорлық танытып көмектесіп отырған жандар – аяулы анасы мен жұбайы.

«Анам Орал қаласында тігіншілік оқу орнын бітірген. Сондықтан тігіншілік істен хабары мол. Мен диванды қаптайтын маталарды өзім өлшеп, пішіп, қиып беремін, анам әрі қарай тігуді жалғастырады. Кішкентайымыздан анамыздың көз майын тауысып, тігін машинасымен тынбай еңбек етіп отыратынын көріп өскенбіз. Бүгінде бейнетінің зейнетін көретін жасқа келген анам, «апа, демалыңыз, өзім істеймін» десем де, жанашырлығы мен  еңбексүйгіштігінің арқасы шығар маған көмектесуден шаршамайды. Осылайша үйден ашылған цехімізде үшеуіміз диван-креслоларды жаңалап, ескі сандықтарды қазіргі стильге айналдырып жатқан жайымыз бар. Жұбайымның мамандығы химия пәнінің мұғалімі, қазір балаларға қарап отыр. Аллаға шүкір, төрт баламыз бар», — дейді кәсіп иесі өз отбасымен таныстыра келе.

Алматыда жұмыс істеген жылдары жиһаз жасаудың кәсібін толық меңгеріп, бүгінде өз пайдасына асырып отырған кәсіпкердің бұйымдарына ауылдан тапсырыстар жақсы түсетін көрінеді. Келе-келе Майдамтал ауылынан бөлек, көршілес ауылдардан сұраныстар арта бастайды. Қолынан іс келетінін түсініп, әрі қарай кәсібін дамытуды ұйғарған Бауыржан Қалмаханұлы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы арқылы бағын сынауды жөн көреді. Мұнда өз жобасын қорғап, 1380 000 теңге грантқа қол жеткізеді.

«Осы кәсіп, бәлкім мені табысқа жетелейтін істің бірі болар деп ойлаймын. Қолдан шыққан жаңа дүниелерді жасап болғаннан кейін өзіміз де қуанып кететініміз рас. Тапсырыс берушілер де риза. Алғыстарын айтып алып кетеді. Сонымен қатар сандықтарды да реставрациялаймын. Тапсырыс берген тұтынушылар кейде «мынау шынымен менің сандығым ба?» деп таңданып жатады (күліп). Адамдар қалап жатса, сандықты жаңадан жасар едім. Бұл бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі емес пе? Қыз жасауы үшін сандыққа тапсырыс беріп жатса, заманауи кейіпке ендіріп дайындау қолымнан келеді.

Негізі қолыңнан іс келсе, сол бойынша ізденіп, сүйікті ісіңді табыс көзіне айналдыруға болады. Міне, енді, Алла қаласа мемлекеттен алынған қаражатқа цехке қажетті құралдар алып, кәсібімді кеңейтсем деймін. Бұрағыш дрельдерге тапсырыс бердім, одан бөлек электр арасы, бұрғы, бекітетін түрлі бұрандалар, шеге, степлер т.б. заттар қажет», — дейді өз ісіне шынайы берілген кәсіп иесі.

Расында, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бекер айтылмаған екен-ау. Өз ауылынан баршаға тиімді іспен айналысып, отбасын адал еңбегімен асырап отырған берекелі шаңырақты көріп шаттанасың. Тиімді деуіміздің себебі, ауыл адамдарына Бауыржан көрсетіп отырған қызметтің бағасы да қонымды, сапасы да өзгеден кем емес. Ал ауылда ата-әжелерімізден қалған қаншама сүйегі мықты шифонер дей ме, сандық дей ме, тумба дей ме – көненің көзі болған соң сары майдай сақталатыны анық. Келіні тастайын десе, апасы қимай, «шіркін-ай, атамның ұстағаны, енемнің көзі» деп көңілі қимай тұратындары жасырын емес. Осындайда Бауыржан шеберге барып, кеңесіп, өз ойыңыздағыдай жаңалатып алсаңыз – бәрі де риза болатыны сөзсіз. Осындай берекелі шаңырақтар баршаға үлгі, өз еңбегімен ешкімге қол жаймай, балаларына үлгі-өнеге беріп отырған жарасымды отбасылар жасай берсін дегіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *