Ауызбіршіліктің арқасында ісі алға басқан отбасы

Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту әрбір шаңырақтың беріктігін, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуын қамтамасыз етеді. Отбасы – негізгі әлеуметтік институт, оның қызметі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына бірден-бір ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттің отбасы саясатындағы басымдықтары бірінші кезекте отбасын нығайту мен қорғауға, отбасының физикалық, интеллектуалдық, материалдық, рухани және адамгершілік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралардан тұрады.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» атап өткен еді. Осының өзі мемлекет басшысынан бастап отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінін көрсетеді.

Мемлекет отбасы институтын қолдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды. Ол жаңа құндылықтарды ескере отырып толықтырылды.

Барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтары ашылып, консультациялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету отбасылар үшін қолжетімді болуда. Әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуда да отбасылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Осындай оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып, отбасының ырысы мен ынтымағын, берекесі мен дәулетін ойлаған отбасылар аз емес. Бұл өте қуантарлық жәйт, қазіргі нарықтық заман талабы да солай болып тұр. Яғни, «қолың қимылдаса, аузың қимылдайды». Қолға алған қайсыбір әрекетте болмасын татулық пен талапшылдық, шыдамдылық пен жауапкершілік қажет. Осынау қасиеттерді жанына серік етіп, тәуекелге қадам басқан ержүрек қыз-келіншектер арамызда баршылық.

Осы ретте Түркістан облысы Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылында тұратын Саракүл Төлепбергенова апайымыздың бастаған ісі көпке үлгі. Саракүл апай «АсылНұрҒұлан» тігін шеберханасын ашып, құрақ көрпелер, махабат көрпелері, матрастар, бесік жабдықтары сияқты түрлі қазақы нақыштағы ұлттық жабдықтарды тігіп, өндірістің осы түрінің еңсесінің тіктей бастауына үлес қосуда.

«2023 жылдың шілде айында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжат тапсырып,  2 млн 700 мың теңгеге қол жеткіздік. Ол қаржыға 8 тігін машинасын, 1 оберлок, 3 үтік алдық. Бұл істе маған қолғабыс етіп отырған, он саусағынан бал тамған келінім Ақбота. Құжаттарын да әзірлеп шапқылап жүрген Ақбота. Үй шаруасына да, кәсібімізге де үлгеріп жүрген келінімнің барын мақтан етемін. Ғаламтордан әсем дүниелер көріп, бұйымдарға сәні мен әрін кіргізіп, жаңашыл түрлерін енгізіп отырған осы келінімнің барына шүкір.Үйден екі бөлмелі цех ашып, кәсібімізді бастап отырған жайымыз бар. Алдағы уақытта цехті үлкейтуді армандаймыз, қолымыздан шыққан дүние халыққа ұнап жатыр», — дейді тігін цехынан бұрын, келінінің пысықтығы жайлы ісмер апа.

Мұнан алдын әкімдіктің қолдауымен ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін алып, тапсырыстарын табысты орындап жүрген апасы мен келіні үй алдындағы цехқа ауысады. Цехта 5 маман жұмыс жасайды. Барлығы да он саусағынан бал тамған ауылдың келіншектері. Үлкен көрпе мен көрпешелерді тігу мен қабу сияқты жұмыстарда бірінің ойын бірі қолдап, жаңа идеяларын ортаға салып, әдемі бұйымдар шығарып отырған аяулы жандар. Енесінің ісін құптап, кәсібінің ары қарай гүлденуіне атсалысып жүрген келіні Ақбота Сақтағанова да осы саланы жетік меңгерген маман. Ол сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіпке қатысты құжаттарды реттеп, шаруаны тап-тұнақтай тындырып отырған ауыл-аймақтың бетке тұтар келіні.

— Шеберлер негізгі дүниені белгілі бір жоспармен, арнайы үлгіге сүйене отырып тігеді. Дегенмен, тапсырыс берушілер арасында өз қалағанын білдіріп жататындар да аз емес. Немерелерім де құрақтың қиындыларын қиюға, кестелеуге көмектесіп тұрады. Отбасымызбен жабылып кетіп жасайтын кездер болады. Құрақ құрап, көрпе қабу оңай шаруа емес. Маталарды таңдап, түстерін үйлестіру қажет. Осының бәрін тұтынушының көңілінен шығатындай, көзге жарқ етіп көрінетіндей болу үшін жан-тәнімізбен беріліп еңбек етіп келеміз. Бүгінге дейін ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесінде ақы төлемей жұмыс істеп келдік. Мұның өзі үлкен көмек болды бізге. Жағдайымызды түсінген әкімшілік қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қарап отырғандарыңыздай, мемлекеттік жоба аясында ақша алып, отбасылық шаруамызды бір ізге салып, түрлі жоспар құрып отырмыз. Тапсырысты молынан орындау үшін отыратын орнымыздың да кең болуы тиіс.

Шүкір дейік, тапсырыстар көпшіліктің көңілінен шығып, өнімдеріміз Шымкент, Алматы, Астана, Тараз, Атырау, Бурный қалаларына, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Бішкек елдеріне жіберілді. Алдағы уақытта қыз жасауынан бөлек, балалар киімдерін де тігіп  шығарсақ деген ойымыз бар. Біздің өнімдер  нарыққа сай бағамен ұсынылады. Махабат көрпелері 25 мыңнан, жамылға көрпелер 8 мыңнан, матрастар көлеміне қарай 7,5-8 мыңнан, құрақ көрпелер 18-22 мыңнан сатылымға шығады. Жабдықтар  күңгірт велюр, сатин, королевский велюр сынды материалдардан тігіледі. Осындай жұмысымыздың ілгерілеуіне, орнымыздың кеңеюіне ықпал еткен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы білікті мамандарға алғысымыз шексіз»,- дейді ізгі қуанышын білдірген кәсіпкер апа Саракүл Төлепбергенова.

Міне, ешкімге алақан жаймай, қаражат жоқ, қымбатшылық қысты демей, өз әрекетінен берекет тауып отырған түлкібастық отбасыға қалай сүйсінбейсің?! Мемлекет көрсетіп келе жатқан қолдаулардың, қаржылай көмектің арқа­сын­да тек соңғы бір жылдың ішінде өнім көлемін әжептәуір өсіруге қол жеткізіп, өз ортасына сыйлы болып отырған берекелі шаңыраққа мол жетістік, толағай табыс тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *