Қадыркүл аула тазалаушы болып жұмыс істеуде
Түлкібас ауданының тұрғыны Исмаилова Кадыркүл Калдыбайқызы аудандық мәдениет үйіне ақылы негізде қоғамдық жұмысқа тартылған болатын. Қазір ол «екі қолға бір күрек» тапқанына дән риза. Айта кетейік, қоғамдық жұмыстарды жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін мансап орталықтары ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады.
Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Айына жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен емес белгіленеді.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға тіркелген жұмыссыздардың, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда, тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.
Жалпы биыл облы әкімінің «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева сөзіне сүйенсек, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған.
Өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты. Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.