Адам ұрпағымен көрікті

Ұрпақ болашағы «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті» тербеткен әйел- аналардың даналығымен тікелей байланысты.Сондықтан да сәби «шыр» етіп дүниеге келген сәттен бастап нәресте тағдырына жауаптымыз. Қалалық әйелдер алқасының төрайымы ретінде де, жалпы бала тағдырына алаңдаулы ана ретінде де осы мәселені үнемі ойлап жүремін.

Таяу күндері қалалық әйелдер алқасының мүшелері, өнерде де, өмірде де тынбай қасиетті Түркістанымызға еңбек сіңіре жүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған жап- жас «алтын құрсақ» аналар Мақпал Үртпекова мен Шұғыла Жұмашева бәріміз Түркістан қалалық перзентханасына барып,  жас босанған бірнеше ананың сәбиіне ата  дәстүрімізбен «бауы берік болсын» айтып,  құттықтап қайттық.

Дүниеге келген сәбиге ең алғашқы жасалатын қадам- тегіне қарай жақсы есім беру. Жөргек иісі аңқыған сәбилерін мейірлене құшағына басып, үлкен қуаныш үстінде отырған жас аналарға  «Әке- үйдің- иесі болғанмен, ана- үйдің киесі  екендігін, тәрбиенің тал бесіктен басталатынын» айтып, «тонға жарамаса да, ілтипатқа  жарайтын» сый- сыяпатымызды бердік. Перзентхананың бір бұрышынан ұлттық нақышта жасалынған бөлмеде бас қосып, аналық ақ тілегімізді білдірдік.Жақсы сөз- жарым ырыс. Халқымыздың саны артып, ұрпағымызбен мың жасайық!

Ұ. Мұстафаева,

Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *