Ана мен баланы қорғау – басты міндет

Ана мен бала құқығын қорғау – еліміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Ата Заңымызда: «Қа­зақ­стан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретін­де орнықтырды, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Сол айтылғандай мемлекетіміз адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы деп адамға үнемі қамқорлық көрсетіп, адамның жақсы өмір сүруі үшін оған қажетті барлық жағдайды жасайтынын, оның денсаулығын қорғауда, абыройына нұқсан келтірмеуде шаралар қабылдайтынын, мемлекет адамның өмірін қолсұғушылықтан қорғайтынын білдіреді.

Осы ретте қоғамның түрлі тобының ішінде әлеуметтік ең әлсіз санатына жататын ана мен балаға деген қамқорлық та, қолдау да Конституцияда өзін әлеуметтік деп жариялаған мемлекетте жүйелі жүргізілгені абзал. Кез келген азаматтық қоғамда халықтың құқығы мен бостандығы ең басты қорғалуы шарт. Әрине, бұл тұрғыдан Қазақстанда нақты қалыптасқан жүйе мен механизмдер жолға қойылған. Осы мәселемен айналысатын  орталықтар мен мекемелер бүгінде әр өңірде ашылып, мемлекет көмегіне мұқтаж жанға қамқорлық шараларын көрсетуде. Солардың бірі «Қамқорлық» жанұя орталығы Түркістан қаласында өз қызметін жүргізуде. Орталықтың мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және Түркістан қаласында тұратын көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруде ынтасын арттыру және қаржылық жағдайын түзеу.

Аталған орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған көп балалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларына қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда осы орталық арқылы аталған санаттағы тұрғындарға құқықтық, психологиялық кеңестер берілуде. Сонымен қатар орталық тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында үй жағдайында өз бетінше табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін түрлі бағытта оқу курстарын ұйымдастырады. Қысқа мерзімде маман атанып, сертификат алған азаматшаларға мемлекет тарапынан ұлттық жобаның қатысушысы ретінде өтеусіз гранттар және қайтарымсыз негізде несие алуға мүмкіндік береді. Бүгінде орталыққа 1270 ана көмекке жүгініп, оның ішінде 207 әйел оқу курстарын аяқтаған, 140 ана белгілі кәсіпті игергені үшін арнайы сертификаттар алған. Орталық басшысының айтуынша, мұнда бір айға дейін ешкім есік қаға қоймаған. Бірақ өзара біршама танылып, бір-бірінен естігеннен кейін келушілер саны артқан. Қазір орталыққа қыз-келіншектер қысылмай келіп, танысып, курстар жайлы толық ақпараттар алып, қызығушылық білдіретін болған. Сондай-ақ орталықта арнайы психологиялық көмек көрсету қолға алынған. Осылайша қиналған әйелге моральды тұрғыда көмек беріп, әрі қарай өмірден өз орнын тауып, толық қалыптасуы үшін кәсіп иесі атануға септігін тигізіп жатқан орталықта игі іс-шаралар атқарылуда. Жанұя орталығы тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларын қолдау мақсатында «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы» банк және «Азаматтық кеңсе» сияқты мекемелермен меморандум жасалды.

Келесі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында бой көтерді. 3 қабатты 200 орындық «Самғау» оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ орталықтың ашылуына байланысты медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету сияқты 150-ден астам жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына септігін тигізді. «Самғау» орталығы ерекше бала тәрбиелеп отырған қаншама отбасыға үміт сыйлағаны сөзсіз.

Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы — ересектер болса, 15 мыңы — балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны — 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық жағдайдағы, жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді. Қазіргі таңда Сауран ауданының Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.

Әрине, кез-келген отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – оның ата-анасы. Олар өздері өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ете білулері қажет. Бірақ, өкініштісі сол, өмір есігін ашқан әрбір баланың маңдайына толық отбасында, ата-ананың тәрбиесін көріп өсуді жазбаған. Бұл бүкіл әлемде бар келеңсіз процесс және Қазақстан қоғамында да бұл мәселе аз кездеспейді. Осы орайда көңілге кірбің түсіретін жәйттардың орын алатыны жасырын емес. Нақтырақ айта кетсек, көшеде қайыр сұрайтын көзі жәутеңдеген балалардың көптеп кездесуі. Мысалы, базар маңындағы жер асты өткелінде жас балалардың бір-бір таразы ұстап, өткен-кеткенге «таразға түсіңіз» деп болмашы тиын-тебен үшін жалынған, кешкісін кафе маңын жағалап сағыз сатып жүрген жеткіншектерді көргенде өзіңді қоярға жер таппайсың. Арасында жекіп, ұрсып беретін адамдардың кездеспей қоймайтыны белгілі. Бұл балаларды кім қорғайды, олар қай уақытта сабақтарына дайындалады, киім-кешек, қажетті заттарымен ата-анасы толық қамтамасыз ете ала ма? Жасы кәмелетке толмаған бұл балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы қалай жұмсалуда, неге бұлар мұндай күйге түсіп жүр? Бұлай жалғаса берсе қазақтың қара көз балалары бетімен кетіп, теріс жолға түсіп кете ме деген уайым қылаң береді. Сондықтан да мемлекет, жалпы әлеуметтік саясат шеңберінде, олардың қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасауды жалғастыра білуі маңызды.

Әрине, бүгінде республикамыздағы әр баланың тегін орта білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқығы бар. Ол заңмен кепілдендірілген. Сонымен қатар, әрбір бала өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, жазғы лагерьлерде тынығуға, мәдени демалуға құқылы. Кәмелетке толмағанына қарамастан, ешкімнің де баланы ұрып жазалауына, кемсітуіне жол берілмейді. Мұның барлығы ең алдымен әлемнің өркениетті елдері қол қойған «Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияда» жазылған. Ал Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде, өзіне міндеттемелер алып, осы құжатқа қол қойғандықтан оның талаптарының өз елінің аумағында қалтқысыз орындалуын қадағалауы тиіс. Мұның түбінде тиісті толықтырулар мен оң өзгерістерді қабылдап жылдан жылға жетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік саясаттың да үлесі зор.

Мемлекет басшысы  Қ.К. Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, отбасындағы ана мен бала қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі өзекті екенін үнемі атап келеді. Осыған орай, биыл Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге баса назар аудармақ. Аталған комиссияның төрайымы Аида Балаева «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты Халықаралық ғылыми конференцияда «Қазақстан үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі» деген болатын. Оның айтуынша Президенттің тапсырмасымен Үкіметке жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер алға қойылады.

Елімізде ана мен баланың құқығын  қорғау, баланың тегін орта білім алып, әрбір әйелдің жақсы жұмысқа орналасуын, әсіресе әйелдердің жеке кәсіп ашудағы әлеуетін арттыруды қамтамасыз ететін механизм бар екенін жоғарыда атап өттік. Ендеше келесі кезектегі басты міндет – осы талаптардың дұрыс орындалуын іске асыра білу ардақ­ты асыл аналарымыздың жүздерінің жарқын болуына, балаларымыздың алаңсыз өмір сүруіне кепіл болары анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *