Еңбекқор әулеттің отанасы

Шардарбек аға мен Гүлнәр әпкеміздің отбасы Шардара қаласындағы Ақбала мөлтекауылында ғұмыр кешеді. Біздің айтпағымыз осы әулеттің еңбекқорлығы. Өкіметтің кеңестік кезеңде салып берген екі отбасыға арналған баспанасының  біреуінде тұрып-ақ, мал асырап, айран-сүт ұйытып отырған  бұл жанұяның тынымсыз тірлігіне тәнті боласың. Алақандай ауладағы  қос қабатты қорада қара мал да бордақыланады, бие де сауылады. Былтырдан бастап сүтті ешкінің басын көбейтті. Бие мен ешкіні қатар сауып, бір отбасын ғана емес, сол маңайдағы көрші-қолаңның да аузын аққа жарытып отыр. Бала-шаға малдың жем-суын қамдаса, Гүлнәр әпкеміз сауын сауумен айналысады. Үйден артылған ағарғанды жұртшылыққа ұсынып, тәп-тәуір табыс тауып отыр.

–«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген сөз рас қой. Балаларды жастайынан қара жұмысқа салып өсірдік. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Тек жалқаулыққа салынбай қимылдау керек. Әу баста өкімет тарапынан  көп балалы отбасыларға 400 доллардан жәрдемақы берілді. Біз сол қаржыға тана-торпақ сатып алдық. Кейіннен мал басын көбейтеміз деп жеңілдетілген бағамен беріліп жатқан несие алдық. Осылайша жұмысты бір жолға қойдық. Бұрын тек қошқар мен бұқа байлайтын едік. Енді оған жылқы қосылды. Бір үйретілген бие сатып алып, сауып көрдік. Қазір жұртшылық саумал ішеді ғой, оған сұраныс та жақсы болады екен. Сол сияқты ешкі саууды да қолға алдым, – дейді Гүлнәр Әзтаева.

–Бие сауғанды көріп жүрміз, ешкінің сүті қалай болады екен? – деп сұрадық.

–Ешкіні күніне үш рет сауып аламын. Бір ешкіден бір күнде 3-4 литр сүт шығады. Негізі,  ешкінің сүтіне жететін нәрсе жоқ қой.  Сүті де тәтті, оның айранынан шыққан сары майдың дәмі тіптен тіл үйіреді. Содан кейін ешкіге шығын кетпейді. Атамыз қазақ «есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да есің жи» деп текке айтапаған ғой. Көшенің адамдары саумалға қоса ешкінің сүтін де көп алады,  – дейді Гүлнәр әпкеміз.

Кезінде Шардарбек аға мен Гүлнәр әпке жұмысы қайнап тұрған құрылыс бұйымдары комбинатында қызмет атқарыпты. Ағамыз арматура цехында жұмыс істесе, әпкеміз зауыттағы кранның жүргізушісі болған. Кейіннен жұмыстың бәрі тоқтаған соң Гүлнәр әпке үй шаруасымен айналысып қалды.

Үлкен әулеттің шамшырағы болып отырған Гүлнәр әпке ұрпағына тер төгіп, еңбек еткенге бақ-дәулет өзі келетінін үнемі айтып отырады. Көргенді ата-ананың тәлім-тәрбиесін алған ұл-қыздары да әке-шешенің атына кір келтірген емес.  Шардарбек аға мен Гүлнәр әпкеміздің шаңырағында Ержан, Ұлан, Бақдәулет, Клара, Динара, Меруерт атты ұл-қыздар өсіп-өнді. Ұлды үйлендірді, қыздарды құтты жеріне қондырды. Бүгінде олардан 15 немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отыр. Алда әлі де келін түсіру тойлары күтіп тұр.

Бақытын еңбектен тапқан бұл үйде қашан көрсең де қызу тірлік. Әне, кішкентай немерелер өздеріне ұқсаған лақтарды көтеріп ойнап жүр. Гүлнәр апалары  болса желіні тырсиған ақ ешкіні саууға кірісіп кетті.

Береке-бірлігі жарасқан әулеттің базары тарқамасын деп тіледік.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *