Мақтааралда инвестиция тарту жұмыстары жанданады

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданына іссапары барысында аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында облысты дамыту бағытындағы жұмыстар баяндалды. Өңір басшысы Мақтаарал ауданының әлеуетіне, осы аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталды.

–Мақтаарал ауданын дамыту мәселесі назарымыздан түскен емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2,4 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды, биыл 12 елді мекенде 2,3 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 825 млн. теңгеге 143 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы 365 маманға 126 млн. теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы, 92 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 476 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Облыста АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде Мақтаарал ауданында 14 мектепте толық іске қосылды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да күн тәртібінде тұр. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек – деген Дархан Сатыбалды мақтааралдықтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.

Мақтаарал ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылға қарағанда 1,5 есеге өсіп, 139 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 22 пайызға өскен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *