«Өмірдегі ұлы ұстазым – өзімнің енем болды»

Шардара қаласындағы Ақбала мөлтекауданында ғұмыр кешетін Дүйсенкүл Таласованы жақсы танимыз. Амангелді ағамыздың шаңырағын шаттыққа толтырып, 1 ұл мен 6 қызды өмірге әкелген, бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отырған Дүйсенкүл Сабырқызы үлкен әулеттің отанасы ғана емес, кәсіпкерлік саласын дамытуға да өзіндік үлесін қосып келе жатқан  іскер жан. Қай істің болмасын орайын келтіре білетін шаруаға пысық апамыз ауданда алғашқылардың бірі болып шағын және орта бизнеске бет бұрды. Әдепкіде «Экофарм» ЖШС-інің аудандық филиалының менеджері болған Дүйсенкүл Таласова 2008 жылдан бастап «Нұр@Ару» ЖШС-ін ашып, мал басын көбейту және бордақылау істерін қолға алды. 2018 жылы Шардара қаласынан «Ақ шағала» мейрамханасын салып, ел игілігіне пайдалануға берді. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздарынан тараған жиырмадан астам немеренің ортасында бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Дүйсенкүл Сабырқызы көрші Асықата өңірінде 1959 жылы дүниеге келді. Әкесі Сабыр ағамыз кеңшарда жүргізушілік қызмет атқарса, анасы Айшоным апамыз балабақшада қызмет атқарған екен. Дүйсенкүл апамыз осы әулеттегі 1 ұл, 5 қыздың арасындағы 4-ші перзент болып саналады. Ауылдағы С.Ерубаев атындағы орта мектептің 10 сыныбын аяқтаған соң Шымкент қаласындағы орта кәсіптік училищеге оқуға түсіп, бухгалтер мамандығын иеленіп шығады. 1977 жылы қараша айында Амангелді Таласов есімді азаматпен көңіл жарастырып, отау құрады. Амангелді аға да Асықата өңірінің тумасы, Өзбекстанның Сырдария қаласында педагогикалық инстиутты тәмамдаған жас маман болатын. Өзі С.Ерубаев атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Таласовтар әулетінің ең үлкен келіні атанған Дүйсенкүл Сабырқызы сол кездегі ауылдың келіндері секілді үй шаруасына да, одан бөлек өкіметтің жұмысына да үлегеретін.

–Әкеміз жастай өмірден озып кеткендіктен біздер қара жұмысқа ерте жегілдік. Мал қараудан бастап, егінді күтіп-баптау, шөп жинау, қора-қопсыны жөндеу, кеңшардың егістігінде мақта шабықтан бастап, қозапаяны жинауға дейін тірліктің бәрін де күліп-ойнап атқаратын едік. Келін болғанда осы жұмыстарды қиналмай атқардым. Мен түскен әулет ауылдағы беделді шаңырақ саналады екен. Марқұм боп кеткен Жапа есімді қайынатам кезінде түйе керуенін бастаған, айнала-төңірекке сөзі өтетін би болыпты. Қайыненем Зеріп апам таза тәбетті, кіршіксіз аппақ киім киіп жүретін келісті адам еді жарықтық. Менің білмегенімді үйретіп, үлкен өмірге тәрбиелеген осы алтын енем болды. Ол кісі де, мен де Алғи елінің қызымыз. Кейде жолдасым Әбекең әзілдеп: «Алғидың қыздары бірігіп, не істейін деп жатырсыңдар» дейтін. Енемнің айтып отыратын «кішкентай бала деген – жақсы әйелдің бір қолын, жаман әйелдің екі қолын байлайды» дейтін сөзін ұмытпаймын. Екі қолын байлайды дегені – емізулі баласын міндет қылып, керіліп-созылып, төсектен кешке дейін тұрмай жататын, жұмыс істемейтін әйелдерді айтқаны ғой. Сондықтан жаман әйел атанбайық деп, туа сала үйдің де, түздің де тірлігіне шығып кете беруші едік. Бүгінгі келіндерге осылай десең ертегі айтып жатқандай көрінеді, — дейді Дүйсенкүл Сабырқызы.

Амангелді аға мен Дүйсенкүл апамыздың отбасы Шардара жеріне 1993 жылы қоныс аударып келді. Отағасының өмірден озғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ата-баба жолын бүгінде ұлдары Бақытжан жалғастырып келе жатыр. Мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен Бақытжан бауырымыз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметінде. Мемлекеттік қызметте жүргенімен ән-жырға жаны құмар Бақытжан баянмен өлең айтып, ортаны қыздырып отырады. Жұбайы Айгүл енесінің қолын ұзартып, кәсіпкерлігін дөңгелетіп келеді.

–Тағдыр сізді жақсы жанға жолықтырып, көргенді ененің келіні болуды жазған екен. Енді өзіңіз қандай ене болып отырсыз? – деп сұрадық әзіл-шынымызды араластырып.

–Енем алтын кісі болды дедім ғой. Өмірдегі ұлы ұстазым – өзімнің енем болды деп барлық уақытта айтып отырамын. Ол кісінің тектілігін, өмір көргендігін, жастарға беретін тәлім-тәрбиесін бір сұхбатта айтып тауыса алмасам керек. Мен өзім ене болғанда келініме былай дедім: «Мына үй, қазан-ошақ, бәрі сенікі. Егер де заттарың шашылып, күлге көміліп жатсаң – жаман атақ саған келеді. Менің қысы-жазы қазан-ошағым қарайып, кірлеген емес. Қазаным жарқырап, ошағым әктеулі тұрған. Енді осының бәріне өзің еге боласың» дедім. Келінім де көргенді жердің қызы ғой, айтқанымды қағып алды. Мен енді тек немере бағып, солардың тілеуін тілеп отырамын, — дейді Дүйсенкүл Сабырқызы.

–Осыдан бірер жыл бұрын көліктің құлағын ұстап, машина жүргізгеніңізде  жұртшылық риза болған. Қорықпадыңыз ба? – деп тағы бір сауалымызды қойып жатырмыз.

–Еее, машина жүргізуді жас кезімде үйренгем ғой. Ол да енемнің арқасы. Келін болып түскенде ауылдың бір шетіндегі мақталыққа жаяу барып келеміз. Сол кезде апам «бекерге шаршап, күшіңді құртқанша белесебітке мініп бара бер, шырағым» дейтін. Кейін жолдасым мотоцикл айдауды, одан машина жүргізуді үйретті. Үй болғасын той-томалаққа, құда-жекжаттың жиындарына бару керек. Ол кезде Әбекеңнің жұмыстан қолы босай қоймайды. Сонда апам «бұл мұғалім дегенннің жандары мектепке байланып қалады екен, қой, одан да мәшинеңді оталдыр, өзің айдап барасың» деп мені рөлге отырғызып, жол жүріп кететінбіз. «Москвич» маркалы жеңіл көлігімізбен апамды алып талай-талай той-жиын мен ас-құдайыға барып келе беретінмін. Сондықтан да темір тұлпар маған таңсық емес, — дейді Дүйсенкүл апа.

Тамырын тереңге жайған текті әулеттің берекесін кіргізіп, бірлігін арттырып отырған Дүйсенкүл Сабырқызының деніне саулық, отбаына амандық тіледік.

         Әділ ӘБДІРАМАНОВ,

Шардара ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *