Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттану 43%-ға төмендеді
Биылғы 6 айда республика халқы арасында 23 нозология, оның ішінде тырысқақ, күйдіргі, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, құтыру аурулары тіркелген жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 инфекциялық аурумен сырқаттану төмендеді, оның ішінде бруцеллез 27%-ға, сальмонеллез 18%-ға төмендеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова ОКҚ брифингінде еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Оның айтуынша, еліміздің аумағында аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары: оба, туляремия, күйдіргі ауруларының топырақ ошақтары, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбаның және басқа да ауру ошақтары орналасқан.