Саурандағы кәсіпкер әйелдер бас қосты
Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінде Сауран ауданында құрылған іскер әйелдер қауымдастығының кезекті форумы өтті. Форумға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева, Шымкент қаласынан арнайы келген кәсіпкер Құралай Бекенова, Сауран ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильноза Умарова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығынан бірқатар делегация өкілдері мен аудандық әжелер, аналар алқасы, 12 ауылдық округтерінен келген кәсіпкер әйелдер қатысты.
Форумның мақсаты аудандағы өз кәсібін дөңгелетіп жүрген қарапайым әйелдердің мәртебесін көтеру, олардың кәсіби сауаттылығын арттыру, қоғамда жеке кәсібін бастап жүрген жас әйелдерге үлгі болу және ынталандыру болып табылады. Шара барысында ауылдық округтерден келген кәсіпкерлердің шығарған өнімдерінің көрмелері тамашаланды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев аудан көлемінде кәсіпкерлік саласында белсенді қызмет жасап жүрген қыз-келіншектері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелері Насиба Атаева, Ақмарал Әбдінабиева күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша баяндама жасады.
Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жетекшілік ететін әйел азаматтарының үлесі — 32 пайыз. Қазіргі таңдағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 5600-ден астам мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзік жандылар құраса, оның 244-і немесе 15 пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Облыстық мәслихаттағы 13 мандатты қыз-келіншектер иеленген.