Ана мен баланың денсаулығын сақтауға қатысты мәселелер айтылды
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісіне өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері, басқарма қызметкерлері, сала мамандары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізіп отырды. Алдымен денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттарына жауапты басшыларының баяндамалары мен есептері тыңдалды. Кемшіліктер мен проблемалар ашық айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді, жүйелеуді тапсырды.
– Ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелер кейбір аудандарда жиі қайталануда. Оның сыры мен себебі неде? Басқарма тарапынан жіті талдау жасалып, мамандар себебін анықтауы қажет. Екіншіден, көрсеткіші төмен медицина мекемелерін білікті мамандармен қамтуға көңіл бөлінсін. Қажетті мамандықтар бойынша оқыту мәселесі де өзекті. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар беріңіздер, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжілісте ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық ауруларға ерте скрининг жүргізіп, алдын алу бағытындағы жұмыстар баяндалып, тиісті ұсыныстар берілді. Баяндамада айтылған көрсеткіштері төмен әрі жұмысы нашар медициналық мекеме басшыларына ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды.
Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 млн 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілді.