Ауылдағы аналар мен балалардың бүгінгі тіршілігі зерттеледі
Қазіргі таңда елімізде ЮНИСЕФ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры) әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) басталды. Ол Түркістан облысы бойынша – 824, ал еліміз бойынша 24 мың үй шаруашылығын қамтиды. Орайы келгенде Қазақстан статистикасы мен әлеуметтік саясаты саласындағы маңызды зерттеу жайлы толығырақ айта кетейік. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Н.Е.Бекжанов өзінің халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу туралы баяндамасында: «Біздің зерттеу Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі. MICS іске қосылған 1996 жылдан бері 118 елде аталған зерттеу жүргізілген. MICS-тің осы жетінші раундына Қазақстанды қосқанда 27 ел қатысады. Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Бұл зерттеудің мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау. Бұл іс-шараның маңызы зор, өйткені MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсатты анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді», — дейді.
Қазақстандағы MICS-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады.
Зерттеу Қазақстанның 20 өңірін қамтиды. Қыркүйек пен қараша айлары аралығында еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 24 мың үй шаруашылығында сауалнама жүргізілетін болады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес 100 кластер таңдалған. Яғни, бұл таңдалған елдімекендердегі 100 учаскі.
Ал, Түркістан облысында 36 кластер бойынша 824 үй шаруашылығына сауалнама жүргізіледі. Интервьюерлерді даярлау үшін республикалық семинар өткізілді. Бұл оқыту MICS бойынша далалық жұмыстарды жүргізудің негізгі аспектілерін қамтыды.
«Біздің интервьюерлер –ұлттық және халықаралық зерттеулерді жүргізу тәжірибесі бар ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері. Сауалнамаға қатысу/қатыспау – азаматтартың өз еркінде. Заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректерді жинау процесіне араласуға жол берілмейді. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, Азия даму банкі және БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі.
MICS 2024 аясында бес негізгі сауалнама парақтары болады: үй шаруашылығының сауалнамасы, әйелдерге арналған сауалнама, ерлерге арналған сауалнама, бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама, бес жастан он жеті жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама.
Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген және қажетті келісуден өткен.
Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада жұмыспен қамту және оқыту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қамтылған. Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар.
Бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнамада – ерте жастағы балаларды дамыту, балаларды тәртіпке келтіру, иммундау мәселелері. 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сауалнамада балалар еңбегі, ерте дағдыларды дамыту мәселелері қамтылған.
Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетініне, алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталатынына және оның тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына назар аударғымыз келеді. Сондықтан интревьюерлеріміз баратын үй шаруашылықтарын осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады», — дейді Н.Е.Бекжанов.
Барлық туындаған сұрақ бойынша жұмыс күндері Бюроның сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облсында көп балалы отбасылар саны 185 690-ға жеткен. Яғни еліміздегі көп балалы отбасылардың әрбір төртіншісі Түркістан облысында тұрады деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендету жұмыстары биыл да тұрақты түрде жалғасып келеді. Сәйкесінше биыл өңірдегі кедейлік деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы орайда биыл 116,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК берудің тоқсандық жоспары бекітілген. Бұл тұрғыда 7 ай ішінде 14 160 отбасы немесе 84 860 адамға АӘК тағайындалып, көмекке мұқтаждар саны 19 563 адамға кеміген. Қазіргі уақытта аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4 пайызын құрап отыр. Айта кетсек, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жағдайы төмен азаматтардың саны 61 224 адамға немесе 41,9 пайызға азайыпты.