Гүлгүл өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білді

Бәйдібек ауданы Шаян ауылы тұрғыны Тапенова Гүлгүл кәсіп бастап, табысын арттыру мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа-бизнес-идеяларды іске асыруға арналған» бағдарламасы бойынша «мүмкіндігі шектеулі III топ мүгедегі» санатына сәйкес мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алу мақсатында конкурсқа қатысады. Комиссия алдында өзінің жобасын қорғап, қаржылай қолдау мүмкіндігін иеленген болатын.

Бүгінде кейіпкеріміз өз кәсібін дөңгелетіп келеді. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз несиеге шеберханаға қажетті тігін машиналары мен оның қосалқы бөлшектерін сатып алып, құрақ көрпе мен көрпеше тігіп, қыз жасауы дайындап келеді.

Гулгул Тапенова өте сезімтал, ер жүрек, батыл қазақ қызы. Ол құр қарап, бос отырғанды ұнатпайды.Үнемі ізденісте жүріп, еңбек еткенді жаны сүйеді. Нағыз маман, тігінші. Ол кісі жасаған дүние көптің көңілінен шығып, киімдерге арнайы тапсырыстар бүгінде үздіксіз түседі. Оның ішінде мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне де арналған киімдер бар. Одан бөлек, тігін кәсібін үйренемін, дамытамын деген жастарға үлгі көрсетіп, оларды үйретуде жоспарында бар.

Айта кетейік, өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек өтінімдері шілденің 15-26 күндері қабылданды.

Биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.

Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *