Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналды
Созақ ауданында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталығының «Әлеуметтік-психологиялық қолдау» бөлімшесінің ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері мен демалушылар арасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында тренинг өтті.
Іс-шараның мақсаты отбасы құндылығын сақтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу болды. Іс-шара барысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» заңына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, тренинг ойындар ойнатылды. Қатысушылардың ой-пікірі тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде отбасыдағы зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті проблемаға айналды. Отбасындағы жанжалдар көбіне ұрыс-керістен, қызғаныштан, психикалық аурудың асқынуынан, сонымен қатар, ішімдіктің кесірінен пайда болатыны сөзсіз. Елімізде әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заң қабылданды. Аталмыш заң – тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған.
Расында да жыл сайын елімізде қаншама адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Солардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрайды. Кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке бастың құқықтарына қол сұғатын жағдайлар, құқық бұзушыны жазалау шаралары «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 73-бабында жан-жақты көрсетілген. Онда отбасының тыныштығын бұзып, жолдасына, балаларына, ата-аналарына, туыстарына былапыт сөйлеген 717 адам 5 тәулікке, егер мұндай жағдай жыл ішінде тағы қайталанса 10 тәулікке дейін қамауға алынады. Денсаулығына қасақана зиян келтірсе 15 тәулікке, тағы қол жұмсаса 25 тәулікке дейін темір торға тоғытылады.