Марапат мерейді асырғанымен, зор жауапкершілік те жүктейді — Балжан Әліпбек
Шардарадан қанаттанып, бүгінде еліміздің әр түкпірінде әртүрлі салада тер төгіп жүрген жерлестеріміз көптеп саналады. Олардың қол жеткізген жетістіктері мен алған асулары, бағындырған биіктері әрдайым-ақ жерлестерінің назарынан түскен емес. Аудан жұртшылығы құрмет тұтып, қайда жүрсе де тілеулес болып отыратын жанның бірі – Балжан Мәдиқызы Әліпбек. Бүгінгі таңда Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары және Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқан Балжан Мәдиқызы жуырда айтулы марапатқа ие болды. Түркістан облыстық мәслихатының шешімімен бір топ азаматтармен қатар Балжан Әліпбекке де «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ақжолтай хабарды ести сала «марапат құтты болсын» деп қуанышты бөлістік.
–Ел алдындағы еңбегің еленіп, оған лайықты баға алып жатсаң әрине, көңілің марқаяды. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірғауым азаматтармен бірге маған да осындай марапат беріліп жатқаны мен үшін үлкен абырой, сонымен қатар зор жауапкершілік те жүктейді. Мерейімізді асырып отырған облыс әкіміне, облыстық мәслихаттың депутаттарына рахметімді айтамын. Өзіммен бірдей қуанып жатқан барша шардаралықтарға да алғысым шексіз, – дейді Балжан Әліпбек ханым.
Балжан Мәдиқызының жоғары білім алып, алғашқы еңбек жолы басталғаннан бергі өмірі шардаралықтардың көз алдында өтіп келеді. Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты «Тарих және педагогика» мамандығы бойынша бітірген соң Шардара ауданындағы «Достық» орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Еліміз Тәуелсіздік алып жатқан тұста Достық ауылдық округінде ауылдық кеңестің төрайымы, кейіннен ауыл әкімі қызметін атқарды. Егемен Қазақстанның алғашқы ауыл әкімідерінің қатарында еліміздің Ата Заңы – Конституцияны қабылдар тұста референдум ұйымдастырып, ұсыныстар дайындап, жоғарыға жолдауға және 1991 жылы 1 желтоқсанда бірінші бүкілхалықтық сайлау өткізуге белсене қатысты. Саяси науқанда тәжірибе арттырып, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдай түсті.
Барлық жердегідей шардаралықтар да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалық кезеңді бастан кешірді. Осы уақыттары ауыл әкімі қызметін атқарған Балжан Мәдиқызы ең бірінші кезекте халықтың береке-бірлігін сақтауға, өтпелі кезеңдегі қиындықтарды ақылмен бірлесе отырып шешуге күш салды. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бірте-бірте көтеруге атсалысып, маңызды іс-шаралардың жүзеге асуына мұрындық болды.
1995 жылдың қыркүйек айынан бастап, Шардара аудандық азаматтардың хал-актілерін тіркеу бюросының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Кейіннен бірнеше саланы біріктірген Әділет басқармасы өмірге келгенде осы салаға басшы болып бекітілді. Қазығұрт аудандық Әділет басқармасының басшысы қызметіне ауысты. Мұнан соң Түркістан облыстық Әділет басқармасы төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, бұл міндетті қазіргі таңға дейін абыроймен атқарып келеді.
— Түркістан облысының Әдiлет департаменті – мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтiк құқықтық актiлерге мониторинг жүргізеді, Әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қоюды, азаматтық хал актiлердi тіркеуді бақылауды, коммерциялық емес ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді, құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсетуді, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етуді, зияткерлік меншiк құқықтарын қорғау мен сақтау саласы бойынша міндеттерді жүзеге асырады. Сондай-ақ, «Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу», «Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу», «Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетеді, – дейді жұмыс барысынан хабардар еткен Балжан Әліпбек.
Балжан Мәдиқызының елге сіңірген ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі тарапынан ІІ дәрежелі Заңгер төсбелгісімен, «Әділет органдары жүйесін дамытуға үлес қосқаны үшін» медалімен, Грамоталар және Алғыс хаттармен марапатталды. жоғары награданың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
Балжан Әліпбек қай уақытта болмасын өзіне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырған азаматтарды ұмытпайды. Қызмет бабында Өстемір Тілегенұлы, Әнуар Ақжігітов, Маханбет Датхаев, марқұм Әмірбек Ерубаев мен Сапаркүл Рсалиева, бертін келе Бақытжан Жұманәліұлы, Роза Шынжырбаева, Шынар Рыспаева, Қуандық Мырзахметов сынды аға-әпкелерінен өмірлік сабақ алды. Қазігі уақытта өзі де аға буын өкілі ретінде жастарға, орта буынға жол сілтеп келеді. Әріптес-шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі деңгейде лауазымдық қызметтер атқаруда.
– Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік болып саналады. Егемен еліміздің қалыптасуынан бастап, қарышты қадам басуына дейін саяси қызмет пен әділет органдарында үздіксіз еңбек етіп, қал-қадерімше үлес қосып келе жатқаныма қуанамын. Әділетті Жаңа Қазақстанның кемел келешегі үшін алдағы уақытта да аянбай қызмет ете беретін боламын, – дейді Балжан Әліпбек.
– «Әйел – бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» деген. Мансап пен отбасын қатар игеріп отыру әйел баласына қиындық туғызбай ма? – деп сұрадық.
–Қызметке де, отбасына да уақыт тауып отырдым. Біреуінің соңына түсіп, екіншісін ысырып қоя салуға болмайды. Ол қазақ әйелінің ұғымына да, ұстанымына да тура келмейді. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Ұл-қыздарымның саналы тәрбие мен сапалы білім алуына ден қойдым, еңбекқорлыққа баулыдым. Бүгінде перзеттерім жоғарғы білім алып, халыққа адал қызмет етіп жүр. Ұлым Әділхан — әскери салада басшы қызметте, үлкен қызым Гүлмира — мұғалім, Алматы қаласындағы мектеп-лицейде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кіші қызым Жансая «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың «University of Pennsylvania» универcитетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған. Немерелерім де білімге құштар болып өсіп келеді, – деп жауап берді Балжан Мәдиқызы.