Шарапаты мол жанның кеудесінде «Шапағат» медалі жарқырайды
Шардарада Әлменовтер әулетін «шипа қолды дәрігерлер шаңырағы» деп атайды. Десе дегендей, отағасы Түймебай Әлменов пен оның өмірлік жолдасы Айша Байжұманқызы бар ғұмырын медицина саласына арнап келеді. Бұл әулеттің ұл-қыздары да, келіндері де дәрігерлік мамандықты таңдаған.
Қазіргі таңда Шардара қаласындағы «Альменов и К» тіс емханасына басшылық жасайтын Түймебай Әлменов Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленген. Көксу ауылдық округінде отбасылық дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері қызметін атқаратын Айша Әлменоваға денсаулық саласындағы қажырлы еңбегі үшін Президент Жарлығымен 2012 жылы «Шапағат» медалі табыс етілді. Сонымен бірге осы жылы Айша апайымыз облыс әкімінің шешімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленді. 2017 жылы «Ұлттын медицина Ассоциациясы» республикалық қоғамдық ұйымының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталып, есімі Қазақстан-Ресей-Украина-Беларуссия мемлекеттерінің «Табысты адамдар» халықаралық энциклопедиясына енгізілді. Әрине, осынау атақтар ұзақ жылғы ерен еңбектің өтеуі деп айтсақ жарасады.
Түймебай аға мен Айша жеңгей екеуі Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетінде бірге оқыды. Жоғары білім алған соң екеуі тұрмыс құрып, Шардараға келіп алғашқы еңбек жолдарын да бірге бастайды.
Айша Байжұманқызы Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының тумасы. 1971 жылы шалғайдағы Шардара топырағына келін болып қадам басып, содан бері осынау Қызылқұм өңірінде ғұмыр кешіп келеді. Жазы ми қайнатар ыстық өлкеге алғаш табаны тиген кездегі әсерін Айша жеңгеміз былай деп еске алады:
– Түймебай ағаларың оқуды бітірген жылы мені құда түсіп, Шардараға әкелді. Сонау Қарағанды облысынан бір жеңгем қасыма еріп келді. Шардара деген жерді көргенде алғаш таң қалдым. Тап-тақыр шаңы шығып жатқан жер. Ал, сонадайда көкпеңбек теңізі шалқып жатыр. Салқын жақтан келген біздерге ең қатты батқаны күннің ыстығы еді. Қапырық болғанда қоя бер. Сыртқа шығу мүмкін емес. Көлеңке деген жердің өзінде күйдіріп барады. 1 тамыз күні келін болып келдім. 6 тамыз күні тойымыз болды. Тамыз дегенің шілдеден де ыстық қой. Өмірімізде мұндай аптап ыстық көріппіз бе. Ал, жұрт дегенің шат-шадыман тойлап жүр. Келін келді деп ата-енеміз, туған-туысқандар мәз-мейрам. Тойымыз сол кездегі жастардың салтымен комсомол тойы болып тойланды. Бәрінен де дәрігерлер қуанды. «Екі маман дәрігер келді» деп жүр. Сөйтсем, арнайы жоғары оқу орнын бітіріп келетіндердің саны аз екен ғой. Біз келгенше 9 дәрігер бар екен. Енді Тәкең екеумізбен 11 болдық…
Иә, өз алдына енді аудан болып құрылып жатқан жаңа елді мекенде жоғары білімді дәрігерлер саусақпен санарлық еді. Жолдамамен келген дипломды дәрігерлердің өзі бұл жақтың табиғатына шыдай алмай, бір жыл өтер-өтпесте қайтып кетіп жататын. Жас жұбайлардың алғашқы еңбек жолдары Шардара аудандық орталық ауруханасында дәрігер болып басталды. Бір қызығы екеуі де ауруханада алғашқы стоматолог-дәрігер болып жұмыс істеді.
Айша Байжұманқызы бас дәрігер Сейіткамал Кенжебаевтың тапсырмасымен әрі педиатр, әрі стоматолог қызметін атқарды. Жас келіншекті жұмысқа келгеннен-ақ осындағы тәжірибелі маман болып қалыптасып қалған Райхан Әбдірахманова, Нэля Смағұлова сынды апайлары өздеріне жақын тартып әкетті. Себебі, екеуі бұл секілді оңтүстікке сырттан келін болып келгендер екен. Оңтүстіктің жігіттерінің етегінен ұстап келген соң, осы өңірдің салт-дәстүрін де бойларына сіңіріп, жақсы келін болуға тырысты. Қиналып, жабықса бір-біріне басу айтады. Бірін бірі тоқтатады. Сырласады, мұңдасады.
–Әйел дәрігерлердің ішінде Райхан апайдың беделі зор екен. Жалғыз акушер-гинеколог осы кісі. Операцияны да жасап тастайды. Ер адамдардың қолынан келмейтін тірліктерді атқарады. Ұжым да сыйлайды, аудан халқы да құрмет тұтады. Әлі есімде, бірінші балама аяғым ауыр кезінде дәрігерлер қауымы Самарқан қаласына қыдырып келмек болды. Себебі, дәрігерлердің төл мерекесіне орай тарихи орынға саяхаттап қайтуға екі күн демалыс берілген екен. Менің де барғым келіп, үйдегілерден рұқсат сұрадым. Енем марқұм: «Ай, балам, қиын болады-ау. Жол ұзақ, қиналып қаласың ғой», — деді. «Апа, қорықпаңыз, әйелдерді босандыратын Райхан апай да барады екен. Күлзипа Қозыбақовна деген медсестра апай да барады. Олардың өздері де екі қабат», — деп қоймадым. Райхан апайды айтқасын енем де рұқсат берді. Самарқанды армансыз араладық. Күн ыстық болғасын шаршадым. Ерін кеберсіп, шөлдеген сайын балмұздақ жеймін. Сонда бір күнде 15 балмұздақ жеппін. Қанша жесем де, сәлден соң қайта жегім кеп тұрады. Енді мына қызықты қараңыз, бұрын сәл мұздай су ішсем, тамағым бітіп, ангинам шығатын. Осы 15 балмұздақ жеген соң ангина дегенің сап тыйылды. Содан қайтып тамағым бітеліп көрмедім. Райхан апайға бәріміз риза болдық. Ол кісі Самарқанды аралатуға атасын алып шығыпты. Қайынатасы жасы үлкен қария кісі ғой. 80-дердегі кезі болса керек. Осы атаның асты-үстіне түсіп, «ата, не керек, ата, не жейсіз» деп бар жағдайын жасаумен болды. Ондай құрмет жасау мен деген келіндердің қолынан келе бермейді. Жолсоқты боп келсек те, көңіл-күйіміз сергіп, рухани нәр алып қайтқандай болдық. Келген соң көп өтпей-ақ босанып алдым. Өмір солай өте берді. Райхан апай екі қызыма кіндік шеше болды, – дейді Айша апайымыз әріптесі туралы.
Қазақта «досты пайғамбар қосады, құданы құдай қосады» деген жақсы сөз бар. Қызметтес-әріптес, дос-жаран болып араласудың соңы Әлменовтер мен Ағмановтардың мың жылдық құда болуларына ұласты.
– Үлкен балам мектеп бітіретін жылы мен де, Райхан апай да терапия бөліміне жатып, ем қабылдадық. Ұзақты күнге сырласамыз. Балам ержеткесін мен өзімше ырымдап, болашақ келініме деп орамал, сырға алып қойғанмын. Соны апайға мақтанып айтамын. «Балам үлкейіп келеді. Осы бастан орамал, сырға алып қойдым»– деймін. «Туу, керемет қой», — дейді ол кісі де шын көңілден. Ары қарай екеуміз ұзақ-ұзақ тағы да әңгіме құрып кетеміз. Бірақ, ол кезде екеуміздің бір-бірімізге құдағи болатынымызды құдай ақы білмейтін едім. Бала оқу бітіретін жылы бізге сырын айтты. «Осындай да осындай, біз Ләйлә екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз, құда түсіңіздер» деді. Бұл сөзге аузымыз ашылып қалды. Еш қиялға келмеген нәрсе ғой. «Ай, бұл қалай болады екен» дей береміз. Сол кезде құдай айдап атақты дәрігер Есентай Тәжиев деген досымыз Алматыдан қыдырып келе қалды. Біздегі тірлікті есітті де, «барып сырға тағайық, құда түсеміз» деді. Тәңірберді Ағмановтың үйіне барып балалардың ұсынысын айттық. Олар да күтпеген нәрсе ғой, абыржып қалды. «Біз әлі қыз ұзатамыз деп ойлаған жоқпыз, оған дайын да емеспіз», — дейді абдыраған Райхан апай. Есентай досымыз бәрін түсіндіріп айтып жатыр. «Тәке, Реке, біздер жақсы ниетпен келіп отырмыз. Сырға тақсақ болды, кейінгісін ақылдаса жатарсыздар, рұқсат беріңіздер» — дейді. Тәңірберді ағай көпті көрген кісі ғой, Есентайдың сөзін қолдады. Сөйтіп, бұйрық екен, ол кісілермен мың жылдық құда болдық, – дейді Айша жеңгеміз.
Әлменовтер отбасында 2 ұл, 2 қыз дүниеге келіп, барлығы да өмірден өз орындарып тауып отыр. Бір ұлы Алматы қаласында заңгер, екінші ұлы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып, облыстық деңгейдегі бірнеше ауруханада бас дәрігер болып еңбек етті. Үлкен қызы Шардара аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, екінші қызы Нұр-Сұлтан қаласында қызмет істейді.
Шарапаты мол жандар туралы көлемді дүние жазуды алдағы күндердің енгшісіне қалдырып отырмыз.