Құндылық құрмет көрсетуден басталады
Әр отбасының өз мұрасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны заңдылық. Қоғамның үйлесімді дамуы, мемлекеттің алға басуы ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік деңгейде қадағаланса артық болмасы анық.
Отбасы шағын мемлекет деп жатамыз. Мемлекеттің шаңырағы биік, босағасы мықты болуы үшін ұлттық бағытта тәрбие берудің мәні зор. Ұлттық дәстүрлерден қол үзбеу, отбасында құрмет, сыйластық, яғни өз жақындарына ғана емес, өзгеге, өзге ұлттың тіліне, салт-дәстүріне, сеніміне, оның ішінде мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге, достық пейілде болуға, ауызбіршілік танытуға үйрету ең асыл қасиеттердің бірі десек қателеспейміз.
Осы орайда мысал еткелі отырған бірқатар отбасылар осы жоғарыда айтқан сыйластық, ынтымақтастық, татулық, ауызбіршілік сынды қасиеттер болмаса түсіністік, ұғынысу да болмайтынын дәлелдей түсетіндей. Бір мемлекетте тұрғандықтан сол мемлекеттің тілін құрметтеу, өзара сыйласу басты құндылық екенін, сондай-ақ ең бағалы қазына – татулық екенін жан жүрегімен сезінеді. Татулық болмаған жерде – халықтың ынтымағы да, береке-бірлігі де болмайтынын біледі. Иә, бұл құндылықтарды аяқасты еткен отбасылардың, елдердің қандай күйде екенін көріп жүргеніміз рас.
Сонымен біздің бүгінгі кейіпкеріміз — Алена Юлдашқызы. Ол Халықаралық қазақ-түрік университетінің білікті маманы, философия ғылымдарының кандидаты үлкен оқу орнының ғылыми ісін жүйелі жолға қойып, докторанттар мен магистранттар даярлауда, ғылыми зерттеулер, тың жобалар жүргізіп, ғылым көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосып жүрген тұлға. Тірлігіне ұқыпты, ісіне жауапты, тек қазақ тілінде сөйлейтін Алена апайды жанындағы әріптестері оның ерекше коммуникациялық қарым-қатынасын үлгі тұтады, ұжымның ұйымшылдығы топ басшысының адамгершілік мінезі мен басқарушылық қабілетіне байланысты деп түсінеді.
Отбасында ардақты ана, аяулы жар Алена жолдасы Валихан екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Қаламызда 40 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен әжелерімен бірге балаларды өнерге, еңбексүйгіштікке баулиды, олардың түрлі үйірмелерге, музыкалық мектептерге баруын қадағалайды. Шаттығы мол шаңырақтың қазақ тілі мен қазақтың ақын-жазушыларына деген ерекше құрметін балаларының қазақтың ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа жаттауларынан білуге болады.
Қаламызда тұратын сондай үлгілі отбасылардың бірі – Давронбековтерді айтуға болады. 2007 жылы Түркістан қаласына қоңыс аударған өзбек отбасы жаңа жерді жатсынбай, өз кәсіптерін дөңгелетсе, балалары мектепте озат оқушы атанды. Олардың қызы Нафосат 2016 жылы мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Тіл парасат» атты байқауда бас жүлде иегері атанып, Астанадағы жоғары оқу орнына түседі, онда қазақ тілін меңгерудің көпшілік алдында сөйлеу дағдысы бойынша С2 деңгейіне көтеріледі. Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі пәні бойынша студенттер арасында өткен республикалық пәндік олимпиадада 2 орынды иеленіп, ары қарай тілге деген сүйіспеншілігінің арқасында Назарбаев университетінде өткен «Жас ғалым» атты студенттердің ғылыми көрмесінде «Қазақ тілі білімі» бағыты бойынша 1 орынды қанжығасына байлайды. Міне, қаршадай қыздың қазақ тіліне деген құрметі! Отбасында алған тәрбиесі!
Айта берсек, арамызда тірлігіне тәнті ететін тамаша жандар жетерлік. Солардың бірі №9 Некрасов мектеп-гимназиясының білікті ұстазы Байметова Гавхар. Ол бес тілде, атап айтар болсақ қазақ, өзбек, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін полиглот ұстаз. Аталмыш мектепте 15 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беруде. Бүгінде қоғамда объективті әрекет пен шығармашыл тұлғаға сұраныс мол, сол себепті қазіргі таңда білім беру мекемелері мен ұстаздарға үлкен талап қойып жатқанын білеміз. Ағылшын тілін оқытудың негізгі мақсаты – күнделікті өмірде оқушылардың ағылшын
тілінде қарым-қатынас орната алу негіздерін қалыптастыру екенін айқын түсінетін мұғалімнің ағылшын тілін үйретуінің де өзіндік тәсілі бар. Халықаралық Кембридж университетінің ТКТ Module 1,ТКТ:CLIL емтихандарының Band 3 иегері Гавхар Айдаралиқызының оқушылардың жан-жақты дамуы, заманауи және сапалы білім алуы үшін ағылшын тілін үйрету тәсілі көпке үлгі.
Міне, жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің болашағы бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау арқылы жүзеге асады. Жаңа Қазақстан үшін салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – басты мәселе. Сондықтан алдымызда тұрған зор міндет – ұлттық мұра құндылықтарын заманауи мәдени жетістіктермен байланыстыру. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, білім мен тәрбие алар киелі мекені. Адамзат өміріндегі жанашырлық пен адалдық, парасат пен мейірбандық сияқты маңызды қасиеттерді бойына сіңіретін жандар, отбасындағы тәрбиеден бастау алады. «Oтан — отбасынан басталады», «Адамның күні – адаммен» болған соң, қалай ауызбіршілік пен ынтымақ жайлы айтпайсың. Демек, отанды сүю – отбасынан басталады. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің өсіп өнер, не көрсе соны іліп алар қасиетті орны. Оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Біздің ең басты, ең шынайы байлығымыз – ол, әрине біздің отбасымыз екені даусыз. Тек қана отбасы бізге күш-қайрат пен өзімізге деген сенімділікті нығайтады, барлық қиындықтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, құлағанда қолдау көрсетеді, ұлттық құндылыққа тәрбиелейді. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің негізгі көзі. Әр шаңырақта балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген оң түсініктерді, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары қасиеттерді үйрететін де отбасы. Осы көзқараста отбасын ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы жеткізуші топ ретінде қабылдауға болады.
Жарасымды тіршілікті жалғастырушы жас ұрпақ тәрбиесінде ауызбіршілік пен сыйластық, үйлесімді тіл табысу секілді құндылықтар болуы маңызды. Яғни ол өзінің өмірінде тәрбиелеп өсірген ата-анасымен де, ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер біртіндеп қосыла беретіні белгілі. Бүгінде бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз – ауызбіршілік пен шынайы түсіністіктің жемісі. Ал ол ұлттық құндылықтардың арқасында жеткен нәтиже. Яғни, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, нағыз азаматқа тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, ізгілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, мәдениеттілік, қайырымдылық, сүйіспеншілік секілді қасиеттер жатады. Құндылықтар ең бастысы адам санасында орын алады, сонда ғана олар шынайы болады. Құндылықтарды адам жан-тәнімен қабылдап, сана арқылы түсінеді, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген. Демек, адамзаттың тағдыры, тәрбиесі ұлттық отбасылық құндылықтардан басталады. Қазақ халқы «Отан отбасынан басталады» деп, «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» өнегелі отбасыларды үнемі үлгі тұтқан. Отбасының берекесі мен бірлігі, татулығы өмірде жетістіктерге жетуге, өмірге деген құлшынысыңды арттыруға себеп болады. Отбасы — тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, тәрбиелік маңызы зор даналық сөздерді сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздеріне ерекше мән берейік, қарыштап дами берейік, жақын жандарымызды, отбасымызды қадірлейік, қастерлейік!
Н.Иманқұлова