Құндыз қымыранның қадірін біледі
Түркістан облысы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудан көш бастап тұр. Өзге мемлекеттік бағдарламалар мен бизнеске арналған жеңілдіктер де тиімді қолданылуда. Сарыағаш ауданында да жүйелі жұмыс жүруде. Жақында аудан әкімі Арман Абдуллаев Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібімен танысты.
Солардың бірі – мемлекеттен грант ұтып алып, сүт өнімдерін саудалаумен айналысып жатқан Құркелес ауылдық округінің тұрғыны Құндыз Иргашева. Көпбалалы ана сүт өнімдерін дамытуды мақсат тұтып, ағымдағы жылдың маусым айында мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды түйе сатып алған. Бүгінде үй іргесінде шұбат, қымыран сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Айталық, облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңын қыз-келіншектер құрауда. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31 пайызында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.