Гуломжон қазақ тілін жетік біледі
Сайрамдық Гуломжон Ирискельдиев қазақ тілінде таза сөйлеп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өзбек ұлт өкілінің бірі. Оның атқарған жұмысын, қазақ тіліне деген құрметін көргенде «қазақ халқына айтқан алғысы болар» деп іштей марқайып қаласын.
Сайрам ауданы көп ұлтты аудан. Аудандақазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Елдің берекесін арттырып, бірлігін нығайтып отырған осы біздің кейіпкеріміз Гуломжон секілді азаматтар деуге болады.
Гуломжон 1984 жылы Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Ақбұлақ ауылындағы Құрмантаев атындағы жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін ол Шымкент университетіне оқуға түседі. Тарих және география факультетіне білім алып, оқуын үздік аяқтап шығады.
Гуломжон нағыз патриот жас. Ол мемлекеттік органдарда жұмыс істеді. Оның бойынан мемлекеттік қызметшіде болуы тиіс барлық қасиеттерді көруге болады. Жауапкершілік, білімді тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік осының барлығы оның өмірдегі ұстанымдары екенін аңғару қиын емес. Біздің жұмысының маңыздылығын сезіне білетін Гуломжонды көпке үлгі етіп отырғанымыздың бір себебі осы.
Өйткені, мемлекеттік қызметші – биліктің айнасы. Халықтың сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды емес пе? Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші Гуломжондай халықтың мүддесіне қызмет ете білуі керек.
Кейбір адамдардың ойынша мемлекеттік қызмет дегеніміз, күніге 8 сағаттың жұмыс қана емес, ол шындығында тәулік бойы атқаратын міндет пен жауапкершілік. Гуломжон осыны шын сезіне білген азамат. Ол жайлы өзге әріптестерім былай дейді:
«Кейде партия, мейлі әкімшілік жұмыс орны болсын «Ертең сіздерге» Пәленше» бара жатыр» деп аяқ астынан хабар жететіні бар. Мұндағылар оны күтіп алып, тиісті жерлерді аралатуы керек, немесе аяқ астынан жиналыс, қоғамдық қабылдау өткізуі керек. Жоспарланбаған хабар келгенде сабылатыны рас. Мұндайда Гуломжон сағат тілінің қай жерге келгеніне қарамай, тиісті адамдарды ертеңгі өтетін шараға шақырумен болады».
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға барынша көңіл бөлінген. Сондықтан да дәл бүгінгі уақытта мемлекеттік қызметкер болу зор құрмет. Әрі жауапты да, қиын, қызықты қызмет.
Гуломжонның бір қасиеті қай жерде жүрсе де таза қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігінде. Бұл оның қазақ халқының ана тіліне деген құрметін көрсетеді. Гуломжон Ирискельдиевтің «Аманат» партиясы Сайрам аудандық филиалында жемісті еңбек етті. Аталған партияда ұзақ жыл жұмыс істеген Гуломжон Жанубий Қозоғистон газетінде тілші болып жұмыс істеп, өзінің тағы бір қырымен көпке таныла түсті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Сайрам ауданы этнокалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда аудан көлемінде өткізілетін айтулы даталарға орай мерекелік, қоғамдық шаралардың барлығына өзге ұлт өкілдері белсенді түрде қатысады. Өзге ұлт өкілдерінен құралған этномәдени бірлестіктер тұрғындардың ынтымағын нығайтуда орасан зор рөл атқарады. Бүгінде аудандақазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде.