Сайрам ауданында 1100 әзірбайжан, 485 иран ұлтының өкілі тұрады

Сайрам — көпұлтты аудан. Онда бүгінде бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Олардың барлығы ұлтаралық келісімнің арқасында ынтымақта, тату-тәтті тіршілік кешуде. Өңірде тұратын әрбір ұлт пен ұлыстың келісімнің арқасында тілі, мәдениеті, дәстүрлері сақтап, дамыту мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, бүгінде ауданда 7 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың еркін жұмыс істеп, қолға алған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Жоғарыда айтып өткеніміздей, еліміздегі  этномәдени бірлестіктер Қазақстан аумағында тұратын этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрлерін дамыту мақсатында біріккен қоғамдық ұйымдар болып табылады.

Осыдан біраз уақыт бұрын Сайрам ауданда әзірбайжан-иран этномәдени бірлестігі ашылған болатын. Орталықтың төрайымы — Мұстафаева Рамиля Фирдовсиқызы. Рамиля Мустафаеваның айтуынша, өңірде 1100 әзірбайжан, 485 иран ұлтының өкілдері тұрады.

— Әзірбайжан-иран этномәдени бірлестігін құрудағы мақсатымыз – мәдениетімізді сақтау, рухани байланысты одан әрі дамыту, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді жаңғырту. Негізінен әзірбайжандар мен ирандар қыз беріп, қыз алып етене араласқан ұлттар. Екеуін бөліп-жаруға болмайды десем қателеспеймін, — дейді кейіпкеріміз.

Әзірбайжан-иран этномәдени орталығы ауданда өткізілетін түрлі мәдени шараларға қатысып қана қоймай, мәдениетімізді паш етіп келеді. Рамиля төрағалық етіп отырған бірлестік жалғызілікті аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүр. Этномәдени бірлестіктің құрамында шығармашылыққа бейім, ән-жырды сүйіп айтатын, мың бұрала билейтін бишілер бар. Бүгінде Қарасу ауылының тұрғындары Алиасқар Назари, Магомед Гусеинұлы, Оруч Садықовтың қолдауымен түрлі шаралар өткізіп келеді.

Аудан әкімі аппаратында 10 жылға жуық қызмет еткен  Рамиля аудан көлемінде мерекелік даталарға орай өткізілетін қоғамдық жұмыстарға белсегді түрде араласады. Ұлтаралық достықты нығайтуды ниет етіп, әзірбайжан-иран этномәдени бірлестік құрған Рамиляға қашан да сәттілік тілейміз.

Айта кетейік, бүгінде елімізде Еуразия континентіндегі барлық этностардың өкілдері тұрады. Статисикалық мәліметтерге сүйенсек, 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілі тұратын болса, 1970 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 114-ке жеткен. Ал 1986 жылы — 120. 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстандағы санақ бойынша елде 130-ға жуық этнос өкілі тұратыны анықталған, қазіргі  таңда олардың саны – 140.

2008 жылы қабылданған  ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы ұлттық мәдени орталықтардың қызметін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етті. Бұрынғы «ұлттық мәдени орталықтар» атауы «этномәдени бірлестіктер» деген жаңа атауға өзгерді. Аталмыш заң Ассамблея аясындағы этномәдени бірлестіктердің (ЭМБ) жұмысының мақсатын айқындай түсті. Заңға сәйкес этно мәдени бірлестіктер мемлекет дамуының, оның ұлттық саясатының нақты субъектісі саналды. Ұлттық мәдениеттердің белсенді жаңғыру процесі 2000 жылға қарай республика аумағында 450 аймақтық этно мәдени бірлестіктің құрылуына септігін тигізді. 2010 жылға қарай  бірлестіктер саны 800-ге жетсе, бүгінде елде 960-тан астам бірлестік жұмыс істейді.

Этно мәдени бірлестіктер этносаралық қатынастар саласында пайда болған проблемаларға дер кезінде жауап беруге, этносаралық процестердің эволюциялық дамуына, этносаралық интеграция процестерін мақсатты басқаруға, «Мемлекет және этникалық топтар» жүйесінде  тиімді кері байланыс механизмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, этно мәдени бірлестіктер институционалдық нығайту оларды ұлттық позицияларға біріктіру, мемлекеттік саясат саласында тығыз этносаралық өзара іс-қимылға бағытталған мықты стимулға  айналды. Соның бірі біз мақаламызға арқау еткен әзірбайжан-иран этно мәдени бірлестігі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *