Отбасы – ұлттың тірегі
Өткен жылы Түркістан қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қамқорлық жанұя орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде өз жұмысын бастаған болатын. Биылғы жылы ол қоғамның осал топтарындағы азаматтарға қызмет көрсететін «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ құрамына еніп жаңа форматта қызметін жалғастыруда. Біз мекеме директоры Гүлжамал Дахановаға жолығып, орталық қызметінің жай-жапсарын білген едік.
Орталықтың мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және Түркістан қаласында тұратын көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруде ынтасын арттыру және қаржылық жағдайын түзеуге ықпал ету.
Біз бұған дейін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы мен «Тең қоғам» ұйымы біріктірілген құрылым болған едік. Бірақ, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында әрі қоғамда зорлық-зомбылық мәселелерінің туындауына орай өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсететін орталық жұмысы да бізге жүктелді. Сонымен бір орталықтан құрамында 3 сектор: «Белсенді ұзақ өмір сүру» секторы – зейнет жасындағы азаматтарға, «Тең қоғам» секторы – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және «Қамқорлық» отбасын қолдау секторы өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға және зорлық зомбылық құрбандарына кешенді әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметін (8 түрлі әлеуметтік қызмет) көрсетеді», дейді бізбен әңгімесінде Орталық директоры Гүлжамал Даханова.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Тең қоғам» жобасын дамытуға арнайы денсаулықтарын сауықтыруға және бос уақытта іс шараларды ұйымдастыруға арналған ғимарат жаңадан ашылған қалалық Жастар ресурстық орталығынан орналасыпты.
«Тең қоғамның» қызметін пайдаланушалар арасында да орталықтың қызметіне ризашылығын білдіріп жатқандар баршылық. «Бұрынғыдай тек іс-шаралар мен қайрымдылық шаралардың қонағы болып кетпей, еңбекке аралысып жатырмыз. Ән айтып, карокеде ән шырқап, тоқыма тоқу, гүл өсірудің құпиясын біліп, бір-бірімізбен араласып қоғамның тең мүшесі ретінде орнымызды тапқандаймыз» деген пікірлер айтылуда. Екі жұп орталықта бір-бірін кезіктіріп, отбасын құрып жатыр екен. Бұл әрине, қуантышты, жағымды жаңалық. Орталық басшысының мәліметінше, «Тең қоғамда» да 8 бағытта қызмет көрсетіледі. Еңбек терапиясы бойынша еңбекке жарамды, зейнет жасына жетпеген азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстарға бағытталады. Биылғы жартыжылдықта 4 адам тігін цехына жұмысқа орналасқан. Яғни, 2 әйел құрақ көрпелер тігеді, 2 келіншек шапандарға арналған оюлардың бисерлерін арнайы торға тоқумен айналысады. Орталықтың сүйемелдеу қызметі 12 мүмкіндігі шектеулі азаматтың жұмыспен қамтылу мәселесіне ықпал етіп, 3 адам мемлекеттік грантқа ие болып, өз ісін бастап жатса, 3 адам тұрақты, 7 адам уақытша ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтылып сүйемелдеуге алынған.
– «Қамқорлық» отбасын қолдау секторы өмірлік қиын жағдайдағы азаматтараға (отбасыларға) қызмет көрсетеді. Көп балалы, асыраушысынан айрылған аналар, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар, ата-анасы ата-ана құқығынан айрылған балалар (олар да отьбасын сақтап қалғысы келеді, балалар үйіне барғысы келмейді) да, сотталып келіп отбасымен қарым-қатынасты қалыпты, әрі қарай дұрыс өмір болуы үшін бізге келеді. Жалпы біздің бұл секторымыз «Неке және отбасы» заңының аясындағы бүкіл мәселелерді қамтитын орталық, — деп түсіндіреді өз қызметтері туралы Гүлжамал ханым әңгіме барысында.
Биылғы жылдың 24 маусымында «Неке және отбасы» кодексіне толықтырулар енгізіліп құқықтық актілер тіркелгені белгілі. Кодекстің 5 бабының 1-тармақшасында елімізде осындай орталықтар құрылсын деп шегелеп көрсетіліп, олардың функциялары да нақтыланған. «Заңды қарап отырсаңыз, барлығы айқын түсінікті жазылған. Заңдағы баптардан отбасылық кикілжіңдерді тергеуге, сотқа жеткізбей-ақ оның алдын алуға болатынын, осындай орталықтар арқылы көп мәселені шешуге болатынын ұғуға болады. Сол себепті, бұл заңға енген өзгерістер бойынша халық арасында, медиада әлі де болса көбірек түсіндірме жұмыстары жүргізілсе қоғамға пайдалы болады деп ойлаймын. Осындай түсіндірмелерденден кейін бізге үнемі ұрыс-жанжалы бітпейтін отбасылар өздері келсе де немесе көршілері хабарласа да біз оларға әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметін көрсетіп көмектесетін боламыз, дейді, Гүлжамал ханым.
Оның айтуынша ондай отбасыларға кешенді әлеуметтік қолдау болады. Кешенді дегеніміз қалай? Демек, бұған 5 мемлекеттік мекеме кіреді. Яғни: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімі, полиция, қоғамдық даму басқармасы (ішкі саясат), денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары. Бесеуі бірігіп бір отбасының мәселесін кешенді түрде шешеді. Бұрындары зардар шеккендер отбасылық кикілжіңдермен дағдарыс орталықтарына тек полиция арқылы келетін болған. Полиция өз деңгейінде шешеді не шара қолданады. Болмаса, оны білім басқармасы шешеді деп ысыра салады. Ол өз деңгейінде шешеді, бітті. Дау неден туындаған? Әрі қарай даудың түбіне бойлап, отбасының проблемасын зерттеп қарастырмайтын. Ал, мына жаңа заң баптарында мәселені кешенді түрде шешу қарастырылған көрінеді. Ол отбасында психологиялық ахуалды түзету, экономикалық ахуалды оңдау, құқықтық тұрғыдан дұрыс бағдар беру барлығы кешенді қарастырылады. Бір отбасын жан-жақты зерттеп, оның мүмкіндігінше түзеліп дағдарыстан шығуына көмек көрсетіледі екен.
Түркістандағы «Қамқорлық» орталығы «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторы: қызмет көрсету алаңы 182,0 м2, қуаттылығы айына 20 адамға қызмет көрсетуге арналған. Яғни, уақытша 8 жатын орны бар жабдықталған 4 бөлмесі бар орталық. Жаңа қала аумағында орналасқан.
2024 жылдың 6 айында «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу» секторының қызметімен 98 адам (отбасы) тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына 282 сүйемелдеу қызметін көрсеткен.
– Бұрындары мұндай орталықтарға тек полицияда қылмыстық факт тіркелген соң ғана келетін болса, қазір адамдар өздері келе бастады. Біздің психологтарымыз қоғамдық тренингтер өткізіп жүр. Мұның да пайдасы зор. Сол тренингтерден кейін психологтарымызға хабарласып: «Отбасымда кикілжің көп. Өзімді дөрекі ұстаймын, арасында қол жұмсап та жүрмін. Қатты кетіп қалатын кездерім де бар. Ақыр-түбі жақсылыққа бармайтынын сеземін, қалай өзімді тоқтатамын» деген ер азаматтар да болды. Мектепте өткен тренингтен кейін психологтермізге балалар хабарласқан. «Ешкімге айтпайсыз ба, біздің отбасында жағдай осылай, көмектесесіз бе» деп. Осы соңғы 2 айда осындай өтінішпен келушілер қатары көбейді. Бұрын көбіне кері кеткен (ішкіш, нашақор, түрмеден түзелмей келген т.б) отбасылармен ғана жұмыс жасалатын. Мына заңға енген өзгерістер, қоғамды дүр сілкіндірген «Бишімбаев оқиғасынан» әсері де болар психологтерімізге қазір қалыпты отбасылардан да адамдар өздері келіп, жағдайларын айтып, отбасылық жанжалдардың алдын алу үшін кеңес алуда. Психологтарымыз олармен жұмыс жасап жатыр,-дейді Орталық басшысы.
Сөз арасында Орталық басшысына және отбасы» кодексіне толықтырулар туралы пікірін сұрағанбыз. «Қолдаймын әрине. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасындағы кикілжіңдердің арты үлкен қайғылы жағдайға апаруда. Қаншама әйелдер тұрмыстық зорлық құрбаны болып жүрді. Қазақы ортада «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасымен жүре беретіндер аз емес. Бірақ, әрине кейде жас келіншектердің заңды өз мүддесіне, «егосына» пайдаланып ер-азаматты құрметтемей «заң мен жақта» асыра сілтеуін құптамаймын. Отбасы терең ғылым. Отабсы – ұлттың тірегі , мемллекеттің – құндылығы, дейді Гүлжамал ханым.
Қорыта айтқанда, Орталық жалпы 3 бағытта жұмыс жасап жатыр: «Қамқорлық» орталығы – Зорлық зомбылық көргендер, өмірлік қиын жағдайға түскен жандарға (отбасыларға) әлеуметтік қолдау көрсетіп, ол отбасыларды дағдарыстан шығару;
«Белсенді ұзақ өмір» секторы қарттардың белсенді әрекет қимыл-қозғалысын жақсартып, өмір жасын ұзарту; «Тең қоғам» – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға денсаулығын түзету және қоғамнан шетқақпай көрмей, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту.
Жалпы орталық 2024 жылдың 6 айында осал топтағы 2348 азаматқа әлеуметтік қолдау шараларын көрсетіліпті.
Әтіргүл ТӘШІМ