Ұлттық тағамды ұрпаққа аманаттап…
Көксу, Сүткент, Шардара секілді кезінде мал шаруашылығымен шұғылданған кеңшар тұрғындарының арасында ұлттық тағамдарымызды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа аманаттап келе жатқан шаңырақтар әлі де баршылық. Қызылдың құмында өкіметтің қойын баққан Қалдыбек ағамыз бен Жаңагүл жеңгеміз қазіргі күні қалаға жақындап келді. Сонда да бұл кісілердің үйінен ағарған үзіліп көрген емес. Үйде жиын-той болса жұртшылық алдымен дастарханда сап-сары болып тұрған ірімшік пен брынзаға қолды созып жатады. Жеңсік асқа сұраныс әркезде де жоғары. Біреулер үйіне сыйлы қонақ келсе, немесе, алыс жолға шығатын болса Жаңагүл жеңгемізді жағалайды. Жаңағы айтқан ірімшігі мен құрт-майын аттай қалап әкетіп бара жатқанын талай көрдік. Басшы қызметтегі азаматтардың өзі ірімшік пен брынзаға көп тапсырыс беріп тұрады.Не болмаса, үйлеріне арнайы апарып, істетіп алады екен.
-Баяғыда қой туым кезінде ірімшікті жиі жасайтын едік. Уызға тойған қозының бірін соямыз да, ұлтабарын аламыз. Ішіне уыз толған мұны мәндір деп айтады. Міне, осы мәндірді қазан толы сүт енді-енді ыси бастаған кезде бір шетіне салып қоямыз. Астына отты жағып отырамыз. Мәндір салған соң сүттің беті суланып шыға келеді. Сүт қатты қызып кетпей тұрған кезде мәндірді алып қоямыз. Себебі, ол өзінің жұмысын атқарып болды. Енді бетіне сары суы шыққан сүтті жайымен қайната береміз, қайната береміз. Суы тартылған соң түбінде сап-сары болып ірімшігі қалады. Оны сүзіп аламыз да, кептіріп қоямыз. Бар-жоғы осы, — дейді Жаңагүл Мұратбекқызы.
Брынза дегеніміз де тура осы әдіспен жасалады екен. Айырмашылығы – сары суы сарқылғанша күтпестен, сәл қайнағасын ішіндегі ұйыған сүтті қалтаға құйып алып, бастырып қояды. Кейін пышақпен кесіп-кесіп, тарелкаға сала беруге болады. Ал, баяғы мәндірді сүт салынған ыдыстың ішіне салып сақтап қояды. Бір айға дейін пайдалануға жарайды.
-Дүкендегі сары майды, қаймақты сатып алғанымызбен, жеген құрлы болмаймыз. Сосын амал жоқ, өзім жасаймын. Ауылда сүт жетерлік, алайда, мәндірді табу қиынның қиыны. Құмда жүрген қойдың сүті де, еті де құнарлы еді ғой, шіркін. Ол кездегі қозының мәндірі де уызға тола болатын. Ірімшікті ұмытып кетпейік деп, ауылдағы бір қозыны сойып, кәдеге жаратып отырмын, — дейді Жаңагүл жеңгеміз.
Базар сөрелерінде бұл дәмдер жоқ емес, бар. Бірақ, олардың жасалу әдісі басқа. Мәндірдің орнына түрлі қоспалармен ұйытқы жасайды да, ірімшігі мен брынзасын жасап ала береді. Дәмсіз болса да, басқа амал болмағасын дастарханымызға соларды қоюға мәжбүрміз.
Жаңагүл жеңгеміздің ортаншы ұлы, аудандық Қорғаныс бөлімінде қызмет жасайтын Сапарғали бауырымыз айтады: «Ақыры өзіміздің үйімізде қаймақтан бастап, бәрін жасаймыз. Алдағы уақытта тек ұлттық тағам сататын сауда орнын ашсам деп жоспарлап отырмын» деп. Несі бар, құптауға тұратын тірлік.