«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша жұмыс күшейтіледі

Жақында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдерінің орынбасарларын және білім басқармалары басшыларын қабылдап, білім саласының маңызды көрсеткіштерін арттыру, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Сонымен қатар, онда өңірлерде 2023-2024 оқу жылының қорытындысы және білім сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Түркістан облысында апаттық, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 34 мектеп қолданысқа берілді. Жаңа оқу жылында тағы 33 мектеп ашылады деп жоспарланған. Шымкент қаласында өткен оқу жылында 20 жаңа мектеп бой көтеріп, 105 модификациялық кабинет ашылған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кадр әлеуетін көтеру, білім беру ұйымдарында тамақтану сапасын арттыру, тәрбие жұмысы, балалардың құқықтарын қорғау туралы мәліметтер келтірілді.
Өңірлердің есебін тыңдаған министр әсіресе, балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берді. Бұдан бұрын өңірлерде қоғамдық үлкен резонанс тудырған балалардың құқықтарын бұзу фактілері белгілі болған еді. Министр қорғаншылық қызметтің жұмысы туралы айтты.  Өңірлерде қорғаншылық қызметінің штаттық санын 5 мың балаға 1 маман есебі бойынша арттыруды тапсырды.
«Мемлекеттің басым міндеті — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет, балаларды жағымсыз салдарлардан сақтау, ата-аналармен бірлесіп жұмыс жасауды күшейту керек», — дейді Ғани Бейсембаев.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасарлары қорғаншылық органдарының жұмысын осы жылдың соңына дейін күшейтуге міндеттенді.
Сонымен қатар, министр сапалы педагогикалық құрам қалыптастыру, оның ішінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының жүзеге асырылуы секілді маңызды мәселелерге тоқталды. Оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен үздік педагогтерге қолдау көрсету тапсырылды. Сондай-ақ өңірлерге білім беру ұйымдары басшыларының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігі айтылды.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, қазіргі таңда балалардың құқығын қорғауға арналған заңнамалық нормаларды нақты жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «111» бірыңғай байланыс жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ мектептерде буллингпен күресу үшін КiVa бағдарламасы және 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. Балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылды. Сонымен қатар, бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй бөлу, ауылдық жерлерде жеткіншектерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері де назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *