Жарты миллионнан астам бала материалдық көмек алады

Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға жыл сайынғы қолдау көрсету жалғасуда. Айталық, биыл Жалпыға бірдей білім беру қоры 500 мыңнан астам баланы қамтиды. Олардың қатарында мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.

«Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43 407 теңге қаражат белгіленген», — дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Орталық коммуникациялар қызметі.

Айта кету керек, соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өсті, бұл мемлекеттік қолдаудың артуын көрсетеді. Қазір аймақтарда оқу құралдары мен қажетті тауарларды сатып алу үшін қаражат аударылып жатыр. Осы уақытқа дейін 77,8 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылды.

Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірде 110 мыңнан астам адамы бар 27 мың отбасы АӘК алады. Осы отбасыларда 70 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша аз қамтылған отбасыларда 1-6 жас аралығындағы 48,7 мың бала бар. Оларға өткен жылы 1 млрд. 695,2 млн. теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды.

Биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *