«Менің туған жерім, өскен ортам осы ел, осы жер» дейді Швейцер

Кеңес уақытында Сайрам ауданында машина жасау зауытының аты әлемге танылды. Онда ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын машиналар шығарылды. «Зауыттың дәуірлеген кезеңі осы еді» дейді ауыл қариялары.Ол кезде мұнда жасалған су көтергіштер, су соратын стансалар секілді басқа да өндірістік жабдықтар ауыл шаруашылығы саласында  таптырмас дүние болатын. Көліктер көбіне одақтас республикалармен қатар Азия, Африка елдеріне эспортталып жатты.

Қазір де аталған кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс кеміген жоқ. Мәселен, зауыттағы өндірістің ең жетекші саласы — құрастыру цехы. Мұндағылардан айтуынша, дәл осы құрастыру цехында жұмыс істейтіндердің басым бөлігін көпжылғы еңбегі бар, кәсібіне әбден ысылған мамандар құрайды. Солардың бірі – Александр Веннович Швейцер. Ол аталмыш цехқа 40 жылдан астам уақыттан бері басшылық етіп келеді.

Кейіпкеріміздің ұлты – неміс. Александр бүгінде ауданда ауыл шаруашылық техникасын, оның ішінде бүкіл өндірістік процестерін толық меңгерген нағыз мамандардың бірінен саналады. Зейнет жасынан асса да, әлі күнге дейін өндірістен қол үзген емес. Нағыз еңбек адамы.

Александр Венновичтен әріптестері, ауылдастары: «Тарихи отаныңа  көшесің бе?»деп сұрайды екен. Сондай сәтте ол: «Менің туған жерім, өскен ортам осы ел, осы жер»деп қысқа ғана жауап береді екен.

Кейіпкеріміз Александр Швейцер басқарған цехта қазіргі таңда су тартатын қондырғылар мен мал шаруашылығына арналған су сорғылары, шахта ұңғымалары мен тазартқыштар, жылжымалы су сорғыларды, су көтергіштержәне өртке қарсы тіркемелер шығарылады.

Қашанда өндірістің қайнаған ортасында жүретін Александр Швейцер қайбір жылы «ҚР Құрметті механик-менеджері» атағын иеленген болатын. Кейіпкеріміз Қазақстанда туып, өскендіктен қазақ тілін өз ана тіліндей жақсы меңгерген. Таза сөйлейді. Онысына іштей сүйсінесің. Бүгінде 115-тен астам адам жұмыс істейтін цехтың басшысы қызметкерлерінің көңілінен шығып, өндірістің өрге басуына ықпалын тигізіп жүрген неміс азаматы Александр Швейцерге еңбекте табыс тілейміз!

Айта кетейік, Сайрам этникалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда бүгінде тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олардың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз Александр Швейцер.

Жалпы мұнда өзге ұлт өкілдері өзара берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт елдің берекесін айрандай ұйытып отыр. Бұл өңірімізде этномәдени білімнің дұрыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *