Астанада 5G желісінің неше стансасы орнатылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитеті сымсыз байланыс жобаларды дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Кабенов Астанада 5G жүйесін іске қосу барысы жайында айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«5G бойынша Астанада 70-тен астам базалық станса орнатылған. Жалпы Қазақстан бойынша 600-ден астам базалық станса қойылды. Бұл негізінен адам көп шоғырланған аумақтар», — деді Олжас Қабенов Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, 5G желісін қай аудандарда орнататынын байланыс операторлары өздері шешеді.
«Біз операторларды қандай да бір нақты орындарға базалық станса орнатуға мәжбүрлемейміз, олар бұл станцияларды өздері жоспарлап, орнатады. Атап айтқанда, қаланың 75 пайыздан кем емес аумағын қамтуды қамтамасыз ететін жалпы талап қойып отырмыз», — деді ведомство өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, жыл аяғында нақты көрсеткіштер жарияланады. Биылғы жоспарда қаланың 15% қамту ескерілген.
Айта кетейік, биыл елімізде 5G жаңа ұялы байланыс желісін енгізу басталды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар қалалар аумағының 75 пайызы, облыс орталықтары аумағының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, жоба аясында 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызында, облыс орталықтарының 60 пайызында 5G технологиясы қосылады.