Майдангер Мукарам ел бірлігін тілейді

Сайрам ауданында Ұлы Отан соғысының екі ардагері тұрады. Бірі – Қарабұлақ ауылында, екіншісі Ақсукентте.

Ақсукенттік ардагер Мукарам Шайхуддинов 100 жасқа аяқ басты. Жақында Ақсукент ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ердәулет Сұлтан майдангердің үйіне барып қайтқан екен. Ердәулет Сұлтан ардагердің әлі де тың екенін айтады. «Ашық жарқын әңгіме дүкен құрып, ауданда болып жатқан жаңалықтарды сұрады. Қоғамдағы өзгерістерден хабардар еттік. Жасы 100-ге жақындап қалғанына қарамай қария қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайтынын білдірді», — дейді Ердәулет Сұлтан.

Мукарам Шайхуддинов 1942 жылы әскерге шақырылған екен. Алғашқыда кіші командирлер даярлайтын бөлімде оқып, білім алады. Кейіннен оны бітірген солң 17-ші гвардиялық полк құрамыменсоғысқа кіреді. Біраз уақыттан кейін 12-ші гвардиялық атқыштар полкіне ауыстырылады. Ленинград майданына қатысады. Ленинград, Выборг, Нарва қалаларын қорғауға және азат етуге қатыса жүріп, Нарва түбінде контузия алады. Әскери қызметтен 1945 жылы босап, елге оралады.

Мукарам Шайхуддинов бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, мерейтойлық ондаған медальдармен марапатталған Мукарам Шайхуддинов соғыстан келгеннен кейін еліміздің даму жолында ұзақ жылдар түрлі салаларда еңбек етті. Майдангердің жүріп өткен өмір жолының жеңіл болмағаны айтпаса да түсінікті. Тәттісінен гөрі ащщысын көбірек көргенімен, ол осы күніне шүкір етіп отырады. Аузынан тобасы түспейді. «Біз көрген күндерді бүгінгі ұрпақ көрмесін» дейді.

Күн ұзаққа татар халқының әндерін ыңылдап айтудан жалықпайтын Мукарам Шайхуддинов ақсақалға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледік.

Сайрам Түркістан облысында татулық пен достықтың киелі бесігіне айналған аудан. Мұнда бүгінде 40-тан астам ұлт пен ұлыс ұйыса ғұмыр кешуде. Соның бірі – татар ұлтының өкілі, біздің кейіпкеріміз Мукарам Шайхуддинов.

Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді десек, соның ішінде өзге ұлт өкілдерінің 106-сы Түркістан облысында тұрады. Бұл – біздің елдің ең негізгі байлығы. Біздің жеңісіміз де, жемісіміз де осыған байланысты екенін әр кез ұмытпауымыз керек. Бүгінде достықтың алтын тұрағына айналған Сайрам ауданында 40-тан астам ұлт өкілі бар. 8 ұлттық этно-мәдени орталық белсенді жұмыс атқарып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *