«Іс тігіп, қазан ұстай білген қыздың абыройы артық болады»
Бәйдібек ауданы Шаян ауылының тұрғыны Гүлгүл Тәшенова он саусағынан өнер тамған ісмер. Гүлгүл негізінен қыз жасауын дайындаумен айналысады. Айта кетейік, ол біраз жыл бұрын жол апатына түсіп, бір қолынан айрылған болатын. Соған қарамай бойдағы қажыр-қайратын жинап, еңсесін көтерді. Тігін ісін қайтадан қолға алды. Қазір ол тігін тігіп қана қоймайды, ою ойып, құрақ құрайды. Қажет болса кесте де тоқиды.
– Қолөнер – күнкөрістің амалы ғана емес, өнер. Ол – қол мен қиялдың еңбегі. Бұрынғы әжелеріміз оқымай-ақ он саусағынан өнер тамған ісмер болды емес пе?! Киіз, текемет, сырмақ, алаша секілді төсеніш бұйымдар жасайтын апаларымыз ел ішінде көп еді. Тіпті қоржын, аяққап, сырмақ, түскиіз жасайтын аналарымыздың шет жағасын өзіміз де көріп өстік. Ою ойып, кесте тігетін ісмерлер ел ішінде әлі де бар. Солардың көпшілігімен араласамын, бір-бірімізден үйренеміз» деп отыратын. Анамның осы тәрбиесі бүгінде кәдеме жарап тұр, – дейді ол.
Қорқасоқтамай кәсіп бастап кету он екі мүшесі сау адамның өзіне де оңай емес. Үшінші топ мүгедектігі бар Гүлгүл де алғашқыда қатты қиналды. Бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп бірте-бірте шаруасы оңала бастады. Қазір тапсырыс көп, жұмыссыз отырмайды.
– Қазақтың салт-дәстүрінде терең философиялық тәрбие бар. Мысалы, үшбұрышты мата қиығы су, жер, ауаның бірлігін білдіреді. Яғни адамға ең қажетті құндылықтың бірігуі. Одан қалса құрақ көрпелер бөлмеге ерекше сән беріп тұрады. Әр матаны өз ретімен қиюластырып, өрнектей білу де үлкен өнер, – дейді кейіпкеріміз.
Ол бизнесін дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін грантқа құжат тапсырып, 1 млн. 380 мың теңге ұтып алды. Оған кәсібіне керекті құрал-жабдығын түгелдеді. Бүгінде ол көрпе-төсек қана емес, мектептердің тапсырысы бойынша бірыңғай формалар да тігеді.