Шалқар теңіз шабыт берген өнер иесі
Биыл көктемде Шардара ауданына кіре беріс аумақтан бастап, аудан орталығына дейінгі жолдың бойында абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілді. Келес ауданынан Шардара ауданына өтер тұстан шағала үлгісімен салынған жаңадан арка қойылып, ұлттық нақышпен өрнектелді. Ауданға өткеннен кейінгі сол қанаттағы беткейде орналасқан атам заманнан бері алқам-салқамы шығып тұрған ескі нысаендар мен көрнекіліктер алынып тастап, түгелдей жаңартылды. Ауданның тарихынан сыр шертетін, Шардараның ғана емес, Қазақстанның мерейін тасытып жүрген жерлес қол күрес шеберлеріне арналып ескерткіштер қойылды. Және қалаға дейінгі 21 шақырым жодың бойына ауданның атын шығарып жүрген азаматтардың суреттері бейнеленген баннерлер ілінді. Мұның барлығы мемлекет қаржысына емес, демеушілер есебінен жүзеге асты. Былтырғы жылы Шардара ауданына әкім болып сайланған Арман Қарсыбаевтың сайлауалды бағдарламасының бірі – өңірді абаттандыру болатын. Көріктендіру-көркейту ісінің осылайша жүзеге аса бастағанына куә болған аудан тұрғындары әкімнің бұл бастамасына әлі күнге алғыстарын айтумен келеді.
Жол бойына ілінген баннерлердің ішінде Қызылқұм массивін игеруге белсене атсалысқан еңбек ардагерлерінен бастап, бүгінгі спорт, өнер жұлдыздары да бар. Солардың арасында халыққа етене таныс театр және кино саласының өкілі Гүлшат Тұтованың да бейнесі ілінгенін айтып өткіміз келеді.
Шардаралықтарға Гүлшат Әбсаттарқызының есімі жақсы таныс. Теледидардан, немесе БАҚ беттерінен көрініп жатса «о, мынау өзіміздің Гүлшат қой» деп мақтанып жатады. Оның өмірлік серігі Нұржан Тұтовты көрсе де «біздің күйеубала» деп әзіл-шынын араластырып, өздеріне жақын тартып отырады. Бұл өнер иесіне деген қарапайым халықтың құрметі боса керек. Жалпақ жұрт өнеріңді жақсы көріп, алақанына салып құрметтеп жатса әртіс үшін үлкен бақыт сол.
Гүлшат Әбсаттарқөызы 1972 жылы Шардара қаласында дүниеге келді. 2 мөлтекаудандаы іргелі білім ошақтарының бірі – М.Әуезов атындағы орта мектепте оқыды. Өнерге бейімдігі осы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ белгілі болған Гүлшат аудандық деңгейдегі мәдени іс-шаралардан жүлдесіз қайтпайтын еді. Оқушылардың өнер сайыстарында оза шауып, облыста жеңімпаз атанып қайтқан кездерін ұстаздары мен құрбылары ұмытпайды.
– Мен табалдырығын аттаған М.Әуезов мектебінде сабақ берген ұстаздарымның ішінде ең алғаш «А» деген әріпті, «Ана» деген сөзді үйреткен Айсара апайым еді. Бибісара апайымнан адамгершілікті, парасаттылықты үйрендім. Апай тек сабақ берумен ғана шектелмейтін. Апайдың жалпы жүріс-тұрысы, бітім-болмысы, сөйлеу мәнері, киім киісі, керек болса әрбір оқушыға ерекше бір ілтипатпен үн қатқаны бәрі-бәрі менің үлкен өмірге бет алғандағы айнымайтын бағдаршамым болды десем қателеспеймін. Ал, Арал ағайға келетін болсақ, ағайдан жалғыз мен емес, бүкіл мектеп оқушылары қорқатын. Ағай мектептің ішіне кіргенде дәлізде бірде бір оқушы қалмайтын. Ағай ешкімді ұрған жоқ, соққан жоқ, тіпті бір оқушыны саусағымен нұқыған емес, бірақ өзі шағын денелі болса да, мен ұстаз айбарын, ұстаз биіктігін сол кісіден көрдім. Әттең, сол ағай-апайларым қазір қасымда болса ғой, шіркін-ай! – деп оқушылық өмірін сағынышпен еске алады Гүлшаттың өзі.
1989 жылы мектепті бітірген соң арман қала Алматыға аттанып, Қазақ Мемлекеттік Т .Жүргенов атындағы Театр және кино инстиутына (қазіргі Ұлттық Өнер академиясы) оқуға түседі. 1993 жылы институтты театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлшат Әбсаттарқызы содан бері сахнадан түспей келеді.
Сахна мен кино әлемінде бүгінге дейін Гүлшат сомдаған рөлдерді санамаласақ саусағымыз жетпейді. Түрлі кейіпкерлердің образын бейнелеп, көрермен жүрегіне жеткізу – өнер адамынан үлкен шеберлікті талап етсе керек. Гүлшат Әбсаттарқызы бойдағы дарыны мен кәсіби шеберлігін ұштастыра отырып еңбек етеді. Талмай ізденіс, аянбай тер төгудің арқасында өзіне жүктелген рөлдерді ойдағыдай сомдап шығара біледі.
Гүлшат Тұтованың шығармашылық саладағы жұмыстарына шолу жасап көрсек. Ұлттық классика мен заманауи драматургияда бірнеше образдарды жасады. Театр сахнасында алғаш рет А.Сүлейменовтің «Кек» шығармасында әйел бейнесін сомдады. Мұнан кейінгі кезеңде Д.Исабековтің «Әпкесінде» көрші әйел, Д.Амантайдың «Сәлеметсің бе, қоңыр мұңында!» Әйгерім, Ә.Ақпанбетұлының «Дүние-думанында» Бибіш, Қ.Ысқақ, Шахимарденнің «Қазақтарында» Шолпан, Р .Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Күләй, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Бағдат, Т .Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Зира, Ө.Боранбаевтың «Әңгүдігінде» Зина, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілерінде» Айжан, Ә.Әмзеұлының «Қара кемпірінде» жеңгей, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейдісінде» Қарлығаш, С.Асылбекұлының «Күзгі романсында» Назгүл, Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Ағира, Ғ .Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Қамқа сияқты бейнелер Гүлшат Тұтованың сомдауында көрерменмен қауышты. Сондай-ақ, әлемдік классика мен заманауи драматургияда: К.Аширдің «Қабыл – Адам Ата перзентінде» Цеда, К.Гоццидің «Турандот ханшайымында» Адельма, Б.Брехттің «Тоғышардың тойында» әпке, Чеховтың «Шағаласында» Маша , Т .Муродтың «Ат жылаған түнінде» Қымбат, В.Смеховтың «Әлі баба және қырық қарақшы» мюзиклында Зейнаб, Е.Уахитовтың «Құдаларында» Шапағат сынды кейіпкерлерді өз деңгейінде сахналады.
Сахнадағы жанкешті еңбегінің арқасында театрдың дәстүрлі «Театр көктемі-2007», «Театр көктемі-2011», «Театр көктемі –2016» фестивальдерінің жүлдегері атанды.
Гүлшат Тұтова бірнеше кинофильмдерде де бақ сынап, талантты актриса ретінде танылды. Атап айтар болсақ, «Біржан сал» фильмінде Әпішті, «Сүйінші» фильмінде жеңгейді, «Әкем екеуміз» фильмінде әйелді, «Несиеге махаббат» фильмінде ананы, «Жетімдер» фильмінде Сандуғашты, «Мәңгі өмір сүргің келсе» фильмінде бастық әйелді, «Астанаға көктем кеш келеді» фильмінде бригадирді, «Үмітіңді үзбе» фильмінде қарындасты, «Тұрар Рысқұлов» деректі фильміне Үрбішайды шеберлікпен сомдай білді.
Міне, Шардараның шағала қызының театр және кино саласындағы әзірге жеткен жетістіктері осындай болып келе береді. Алдында әлі талай асу белестері бар. Сол белестерді абыроймен бағындыра беретініне сеніміміз кәміл.