Саусақтарынан өнер тамшылаған ісмер

Кәсіпкерлік салада ер азаматтармен қатар тізе қоса еңбек етіп, тек отбасын ғана емес, ағайындарыың, ауылдастары мен аудан жұртшылығының қажетіне қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді насихаттауды ұмытқан жоқпыз. Солардың бірі тігінші, ісмер келіншек-Көбдікова Марина Есенқызын айтсақ болады. Марина қарындасымыз 1985 жылы 17 қаңтарда дүниеге келген. Шолаққорған қалашығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей интернатында орта  білім алған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде информатика пәні және еңбек пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. Отбасылы. Жұбайы Ғалым Нұрданұлы екеуі Ерасыл, Айша, Аружан, Жанель, Ерсұлтан атты ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, егеменді еліміздің болашағы ретінде тәрбиелеп өсіруде. Еңбек жолын Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінде мұғалім болып бастаған.
Маринаның қайын атасы Нұрдан ағамыз да ұзақ жылдар білім саласында еңбек етті. Енесі Оразгүл апай болса талай жылдар кәсіпкерлік саласында еңбек етті. Марина отбасы мүшелерінен қолдау тауып Оразгүл апайдың орнын басып алдымен сауда саттық жұмысымен айналысып, одан кейін қосымша кәсіпкерлік салада аудан жұртшылығына тігін тігу қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Тігін тігу қызмет түрлері ішінде перде, дастархан жиегіне өрнектер тігу, көйлек шалбар етегі мен балақтарын қысқарту, көрпе жастық, көрпеше, масахана, жалпы айтқанда барлық тігін қызмет түрлерін көрсете алады.
-Әкем Есен қарапайым еңбек адамы, анам Зәуре отбасылық үй шаруасымен айналысады. Отбасында бес баланың үшіншісі болып өмірге келіппін. Маған тігіншілік қасиет нағашы апамыз Жамал ападан келген. Ол кісінің тіккен әрбір тігісіне көз алмай қарап отыратынмын. Кейін бірлі жарым дүниелерді тіктіріп үйретті. Оның үстіне негізгі мамандығым еңбек пәні мұғалімі болған соң қолыма қайшы мен инені ұстау онша қиындық туғызған жоқ. Құдай қаласа алдағы мақсатым өзімнің жеке шеберханамды ашып, «ҒМ» фирменный белгімен арнайы тапсырыстар бойынша қызметтер көрсету арманым. Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан қаржылай жеңілдіктер алған емеспін. Жақында ғана бір мемлекеттік жобаға қатысып құжаттарды өткізіп қойдым. Қазіргі күні қасымда Әйгерім атты құрбым екеуміз бірігіп жұмыс жасасақ деген ниеттеміз,-дейді тігінші қыз Марина Есенқызы.

Марина туралы алдымен әлеуметтік желіге жариялаған болатынмын. Көзі қарақты оқырмандар менің жазған кейіпкерім туралы көптеген жылы пікірлерін білдірді.
-Ия, Мәке өте керемет,осылай жас ісмер  қарындастарымызды қолдап демеп жүрсек нұр үстіне нұр болар еді. Марина қарындасымызға талай рет түрлі қызметтерге тапсырыс бердік . Марина тапсырыстарды дер кезінде орындап, айтқан уақытында бітіріп берді. Ол өте жауапты, қарапайым кішіпейіл қыз,-дейді шолаққорғандық Марат Сәкеев.

Отбасында тігіншілік, ісмерлік, іс тігу, жүн түтіп киізбасу, алаша тоқу сияқты қолынан неше түрлі өнерлер келетін жас қыздарымызды, жас келіндерді, тіпті осы істі кәсіп еткен апа-әжелеремізді жалпақ жұртқа жария етіп таныстырып жатсақ артық болмас. Үлкен кісілеріміз білетіндерін жастарға молынан үйретіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, бірінші кезекте бүгінгі таңда кәсіп ашамын деушілерге мемлекетімізден зор қолдау тауып жатқанда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сол себепті ел ішінде жүрген ісмер жандарды насихаттау біздің басты парызымыз болмақ.

Мақсат Қарғабай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *