Кешегі желтоқсаншы, бүгінгі ұстаз
Жетоқсан оқиғаларын естіген адамның жүрегі шымырлап кетеді. Ал, сол дүрбелеңді өз көзімен көріп, ауыр соққы алса да, мойымай, алаңнан кетпей ерлік көрсеткен жандар қандай күйде болады екен?! Отырарлық Дина Елемесқызы Төлеген сол оқиғаның бел ортасында соққыға жығылып, мұздай суға тоғытылған жастардың бірі болды.
Дина Елемесқызы –1967 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туды. 1984 жылы аудандағы Жамбыл атындағы мектепті үздік бітіреді. Осы жылы арман қуып ару қала Алматыға жол тартады. Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді педагогикалық институтына жолдама алып, химия-биология факультетіне оқуға түседі.
Үлгілі отбасында тәрбие алған Дина Елемесқызының әкесі құрылыс маманы болып, қырық жылдай еңбек өтілі бар екенін, өкінішке қарай, анасы 2001 жылы, әкесі 2004 жылы дүниеден озғанын мұңдана еске алды.
Желтоқсан көтерілісі туралы өз көзімен көрген әділетсіздікті айтып беруін сұраған кезде ауыр күрсініспен еске алып осылай баяндайды:
– 1986 жылы мен 2-курс студенті болатынмын. 16 желтоқсан күні үш сабақтан шығып, алаңсыз шай ішіп отырғанда, бөлмеге асығып бір үлкен апай келіп: «Қанекей, текті қазақ! Бұл – біздің ел, біздің жер! Ел мен жерден бөлек, намысымызды да өзіміз қорғауымыз керек!»–деген өктем дауысынан бәріміз орнымыздан атып тұрдық. Бойымызда жастықтың жалыны бар емес пе, мән-жайды түсінер-түсінбес алаңға жүгірдік. Алаңда жас өте көп болды. Желтоқсанның суығына да қарамай, қазақ еліне басшы болған Колбинге қарсы уәжімізді жеткізуге тырыстық. Бұл көтеріліс үш күнге дейін жалғасқан еді. «Қазақ елін, жерін ҚАЗАҚ басқарсын!» деген сөзім үшін алаңда басымнан соққы алдым, басыма дубинка тигенін білдім. Қасымда Әсем Төлтебаева да бар еді. Қарсы тарап уландыратын газ шашып жатты. Үстімізге ыстық су да, суық су да құйып, бізді шегіндірер әрбір тәсілді қолданып жатыр. Шегінетін біз бе?! Қанымызда намысты қазақтың қаны ағып тұрғанда, дес бермеуге барымызды салдық қой, – деп айтқанда, сол кездегі қаршадай қазақ қызының қайсарлығына еріксіз тәнті болдық.
Әңгіме барысында алаңда жастардың ауызбіршілігі, бір-біріне дем беріп, ұлт үшін, ел үшін нендей қарекетке де бара алатын қайтпас қайсарлықтары анық сезіліп тұрғанын айтады.
Көтеріліс кезінде жүрегіне қатты әсер еткен оқиғаны Дина Елемесқызы былай деп еске алады:
– Уландыратын газ, шашылған суға да шыдадым, басымнан соққы алғаным да түк емес, бір кезде шубамнан тартып, мұздай субұрқаққа мені және бірнеше қызды байлап тастады. Қолдан келер қайран жоқ болса, одан асқан қорлық бар ма екен! Сол аянышты көрініс әлі күнге дейін көз алдымда,– дейді күрсініп.
Шаңырақты өзге елден келген келімсектерге билетпеген жастардың мықтылығын, өлім төніп тұрғанын сезсе де, алаңды босатпай қайсарлық танытқан Желтоқсан қаһармандарын елжіре баяндайды және сол замандастарын мақтан тұтады.
Желтоқсан көтерілісінен кейінгі өмірінен сыр шертті. Озат оқушы болғандықтан оқудан шеттетілмепті. Оқуын тәмамдап, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы мектеп-интернатқа химия пәнінің мұғалімі болып орналасқан екен. Қазіргі таңда Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің химия-биология пәнінің ұлағатты ұстазы болып қызмет атқарады. Көтеріліске қатысуы өмірінде қатты кедергі болмағанын, о баста, яғни жұмысқа жаңадан келген кезде көтеріліске шыққанын ешкімге айтпау шарты қойылғанын да жасырмады.
Қазіргі уақытта Дина Елемесқызы – ұлағатты ұстаз, аяулы ана, ардақты әже. Білімімен қатар, тәрбиесін де беріп, шәкірттер тәрбиелеп отыр. Бүгінгі ойы озық, білімге құштар ұрпақтармен мақтанады және де тәрбиелі, саналы ұрпақ үшін аянбайды. Қазақстанның жарқын болашағы үшін әр тұлға өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты түрде орындауы, қайсар мінезді, жауапкершілігі мол болуы қажет екенін айрықша атап айтады.
Дина Елемесқызы сыныптасы Ғалым Аманжолұлымен шаңырақ көтерген екен. Үш ұлды болып, 2015 жылы өкінішке қарай, жолдасы қайтыс болған. Ал 2016 жылы кенже ұлынан да аяқасты айырылып қалған. Мұндай орны толмас қайғыны шыдамылықпен көтеріп, бар мұң-шерін ішке жұтып жеңіп келеді. Үлкен ұлы Тараз қаласында –заңгер, екінші ұлы –информатика пәнінің маманы. Перзенттерінің бағындырған әр белесі үшін қуанады.
– Біз сонау көтерілісте батыр атанайын деп барған жоқпыз. Немесе бір пайда көруді ойымызға да алғанымыз жоқ. Біздікі қазақтың мүддесі, елдің қамы екенін жақсы түсіндік. Аудан тарапынан гүл шоқтары мен Алғыс хаттар алып тұрамыз. Мен үшін елдің, халықтың алғысы мен махаббатынан асқан бағалы дүние жоқ. Желтоқсанның ызғары санамда ақ қар, қызыл қан болып қалып қойды. Бірақ алаңға шыққаныма мақтанбасам, өкінбеймін!–дейді Дина Елемесқызы.
Бейбіт елдің тәуелсіз жастары ғажайып өсір сүріп, заманауи талапқа сай мектептерде білім алып жатқаны, ең бастысы –Тәуелсіз елде еркелеп өсіп келе жатқаны осындай қаһарман ұл-қыздардың арқасы деп айтсақ қателеспейміз. Тоталитарлық жүйенің тас бұғауын бұзуда Дина Елемесқызының да үлесі бар екенін жұртшылыққа білдіргенді жөн көрдік.