Жетісай ауданында өңірімізде ең жасы үлкен қария тұрады

Өңіріміздегі ең жасы үлкен қария Жетісай ауданында тұрады. Жақында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Түркістан облысының ең қарт тұрғыны, 110 жастағы Унгай Бегбаеваның шаңырағында болып, әжейді қарттар күні мерекесімен құттықтады.

1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген әжей бүгінде Қарақай ауылдық округінің Қ.Сәтпаев елді мекенінде тұрады. 1926 жылдан бастап еңбекке ерте араласып ауыл шаруашылығы саласында мақта терген, қолмен канал қазған. Колхоз-совхоздарда табанды еңбек етіп, жеткен жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отырған әжей тек әулеттің ғана емес бүкіл бір ауылдың жазылмаған тарихы, ақылгөй анасы іспетті.

Айта кетейік, бүгінде өңірімізде 195 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, қалғандары ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде олар қоғамдық көліктерде тегін жүреді, коммуналдық қызметтерге де жеңілдіктер қарастырылып келеді. Биылдың өзінде акция аясында 10 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматтар мен ардагерлерге көмек көрсетілді.

Ардагерлерді сауықтыру мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебінен 8 мыңға жуық ардагер денсаулығын түзеуге, тынығуға мүмкіндік алуда. 1537 аға ұрпақ өкілі басылымдарға тегін жазылған. Жасы 80-нен асқан 320-ға жуық жалғызілікті қарияның зейнетақысына бір АЕК мөлшерінде үстемеақы төленеді. Сондай-ақ, шипажайларда ем қабылдауларына жолдама беріледі. Аудан, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанындағы 22 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері арқылы 2 198 жалғызілікті қария күндізгі уақытта үйде қызметтер көрсету жағдайындағы қызметтермен қамтылуда.

Сонымен қатар, өңірдегі 19 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қарттарымызға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді.

«Мемлекеттік қолдаулар мұнымен шектелмейді. Қосымша демеушілерді де тарта отырып, түрлі бағыттағы іс-шаралар мен көмектерді ұйымдастырып келеміз. Біздің мекеме қарттарымыз бен қызмет алушылардың ахуалын үнемі бақылап тұрады. Өйткені, қарияларымызға ең әуелі жылы сөз керек. Ата-әже тәрбиесін көрген біз үшін олармен әңгімелесу, сұхбаттасу ғұмырлық тәліммен тең. Даналықтың көзі саналатын ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады» дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *